Біріккен Араб Әмірліктері Иран аумағына құпия соққылар жасап, Таяу Шығыстағы соғысқа АҚШ пен Израильден бөлек тікелей араласқан жалғыз елге айналды. Бұл туралы аты-жөнін жарияламауды сұраған дереккөздерге сілтеме жасаған The Wall Street Journal газеті жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Дереккөздердің мәліметінше, БАӘ Иранға қарсы жасырын әскери шабуылдар ұйымдастырған. Басылымда сәуір айында, атысты тоқтату режимі кезінде, Әмірліктер Парсы шығанағындағы Иранның Лаван аралындағы мұнай өңдеу зауытына соққы жасағаны айтылған. Шабуыл салдарынан ірі өрт шығып, зауыттың едәуір бөлігі бірнеше айға істен шыққаны атап өтілді.
Дереккөздердің айтуынша, сол кезде бітім толық күшіне енбегендіктен, АҚШ бұл шабуылға реакция білдірмеген. Керісінше, Вашингтон Парсы шығанағындағы басқа елдердің, соның ішінде БАӘ-нің қақтығысқа араласуын құптаған.
Сондай-ақ дереккөздер Иранның жауап соққыларынан кейін БАӘ өңірде “барынша қатаң ұстанымға” көшкенін мәлімдеді. Ал АҚШ пен Әмірліктер арасындағы әскери ынтымақтастық бүкіл қақтығыс бойы жалғасқан.
БАӘ Сыртқы істер министрлігінің өкілі Лаван аралына жасалған ықтимал шабуылға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Дегенмен ол Абу-Дабидің бұған дейін жасаған мәлімдемелеріне сілтеме жасап, елдің дұшпандық әрекеттерге, қажет болған жағдайда әскери жолмен де жауап беру құқығын өзінде қалдыратынын айтты. Пентагон да бұл мәселеге қатысты түсініктеме бермеді.
WSJ есебіне сәйкес, соғыс басталғалы Иран БАӘ аумағына жалпы саны 2800 дрон мен зымыран ұшырған.
Басылым мәліметінше, бұл көрсеткіш Израильді қоса алғанда, кез келген басқа елге қарағанда жоғары.
Бұл шабуылдар Әмірліктердегі әуе тасымалына, туризмге және жылжымайтын мүлік нарығына елеулі соққы болған.
Сонымен қатар ел компанияларында қызметкерлерді қысқарту және жалақысыз демалысқа жіберу жағдайлары көбейген.
Басылым атап өткендей, БАӘ заманауи әскери авиацияға ие. Оның ішінде француздың Mirage жойғыштары мен америкалық жетілдірілген F-16 ұшақтары бар. Сондай-ақ Әмірліктердің әскери ұшқыштары жоғары дайындық деңгейімен ерекшеленеді.