Malim.kz
Қоғам

"Халқымыздың ауыр жарасы": Танымал мектеп директоры Жетісайдағы өрт туралы айтты (ФОТО)

Қайсар Қанат
ашық дереккөзден

Танымал мектеп директоры Ақмоншақ Нұртаза желідегі парақшасында әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

Ақмоншақ Нұртаза Instagram желісіндегі парақшасында Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Алғабас ауылында болған жан түршігерлік оқиғаға байланысты жүрек тебірентерлік жазба қалдырды.

"Бүгін өте ауыр күн болды. Елімізде орын алған қайғылы жағдай әрбіріміздің жүрегімізге қатты тиді. Түгел бір отбасының тілсіз жаудан жанып кетуі – ойға сыймайтын қасірет. Бұл хабарды естіген сәттен бері жаным жүдеп, жүрегім қан жылады. Ана ретінде бұл жағдайды сезіну, елестетудің өзi өте ауыр екен. Ешбір жанның басына мұндай қайғы бермесін. Алла тағала бәрімізді тілсіз жаудан сақтасын. Тоғыз бірдей бала… Бір отбасы… Бұған сөз айтуға да, ойлауға да қиын. Санам істемей, тілім байланғандай күй кештім. Әр қазақ – менің жалғызым. Сол себепті бұл қасірет – бүкіл халқымыздың ауыр жарасы. Құрметті бауырлар, дәл осындай ауыр сәттерде есімізді жинап, бір-бірімізге жақындай түсуіміз керек. Біз – аз ғана халықпыз. Бір-бірімізді күндемей, бірлікте болайық. Жақсылық жасай алмасақ та, ешкімге жамандық қылмайық. Бөгде жанға пайда тигізбесек те, зиян тигізбейтін ынталы, мейірімді болайық. Бұл – барлығымызға берілген белгі, ниетімізді түзейтін, өмірге басқа қырынан қарауды үйрететін сабақ. Бір-бірімізді жақсы көрейік, мейірімді болайық – бізге жетпей тұрғаны осы ғана. Жүрегім қан жылап тұр. Әр адам бүгінгі жағдайдан сабақ алса екен. Уақытша дүние үшін бет жыртпау керегін, ең бастысы – жүрекке зиян жасамау керегін түсінсе екен. Қайғының жеңілі болмайды, бірақ бұл – қасірет. Құдай мұндайды ешкімнің басына бермесін. Бауырларымызды Алла панасына алсын", – деп жазды Ақмоншақ Нұртазақызы.

Алғабас ауылында екі қабатты жеке үй өртеніп, 12 адам, соның ішінде бала-шаға қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, үйдегі терезелерге қойылған темір торлар тұрғындардың сыртқа шығуына кедергі болған.

Өрт таңғы уақытта басталған. Куәгерлер адамдардың көмек шақырған айқайын естіген, алайда терезе темірін бұзу мүмкін болмаған. Өрт сөндірушілер жеткенде, ғимараттың төбесі опырылып түскен.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары