Malim.kz
Қоғам

"Жәкеңнің мойнына тағы бір жүк": Әнші Нұрғали Нүсіпжанов 45 жас кіші әйелі туралы айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден. Суретте: Нұрғали Нүсіпжанов пен Жадыра Сейдеш

Танымал әнші Нұрғали Нүсіпжанов жұбайы Жадыра Сейдеш екеуі жаңа жобаны бірге қолға алғанын айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесі соңғы уақытта гастрольден бос уақытында кітап оқуды ұнататынын, алайда қазір уақытының басым бөлігі ем қабылдаумен өтіп жатқанын атап өткен.

"Гастролдік сапардан босай қалсам кітапхана жағалайтын қазақ едім... Бұл күнде уақытымның басым бөлігін аурухана ұрлап жатыр... Өткен өмір ізсіз емес, қайткенде де сызы қалады екен... Ем-дом қабылдау өмірімнің ажырамас бір бөлігі іспетті. Оңашада адам шеті жоқ шексіз ойға беріледі. Соның тұңғиық тереңіне батпау үшін әлеуметтік желіні парақтайсың...

Қысқа нұсқа сұхбаттар шығыпты. Жадырадан сұрасам "Подкаст" жанры дейді. Онда эксперимент жасайық, деп қолқа салдым. Сөкпессіздер, бұл біздің дебютіміз. Аяқ астынан асығыс жазылды... Ұнатып жатсаңыздар, Жәкеңнің мойнына сіз болып біз болып тағы бір жүк арқалатамыз", – деп жазды Нұрғали Нүсіпжанов.

Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов – қазақ ән өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі. Ол 1937 жылы 5 қаңтарда қазіргі Жетісу облысы, Кербұлақ ауданына қарасты Доланалы ауылында дүниеге келген. Қарапайым шопан отбасында өскен болашақ өнерпаз бала кезінен әнге әуес болып, мектеп қабырғасында-ақ көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, талантын таныта бастайды.

Жас әншінің дарыны ерте байқалып, түрлі байқауларда көзге түсті. Оның қабілетін бағалаған мамандар Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына түсуге кеңес береді. Бұл оқу орнында ол Қазақ КСР халық әртісі Надежда Самышинаның жетекшілігімен білім алып, кәсіби вокал өнерін жан-жақты меңгерді.

Оқуын аяқтаған соң, еңбек жолын Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында бастады. Кейін Қазақ теледидары мен радио хабарларын тарату комитетінде қызмет етіп, редактордан бөлім меңгерушісіне дейін өсті. 1976 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі құрамына жетекші әнші ретінде қабылданып, бұл ұжымда ұзақ жылдар жемісті еңбек етті.

Әншінің шығармашылығында Нұрғиса Тілендиев шығармалары ерекше орын алады. Оның орындауындағы "Саржайлау", "Ақ құсым", "Жетісуым", "Қапшағай" әндері халық арасында кеңінен танылды. Сонымен қатар ол М. Маңғытаев, Ә. Бейсеуов, Қ. Қуатбаев, Т. Базарбаев секілді композиторлардың туындыларын да жоғары деңгейде орындап, ұлттық музыка өнерінің дамуына елеулі үлес қосты.

Нұрғали Нүсіпжанов тек ел ішінде ғана емес, шетел сахналарында да өнер көрсетіп, қазақ әнін әлемге танытты. Ол Швеция, Финляндия, Моңғолия, Түркия, Германия, Қытай, Польша, Алжир сияқты көптеген мемлекеттерде концерт берді.

Өнер жолындағы жетістіктері үшін ол "Қазақстанның халық әртісі" атағына ие болып, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Сондай-ақ "Парасат" және "Құрмет" ордендерімен марапатталған. Бүгінде ол қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына зор үлес қосқан, ел құрметіне бөленген тұлға ретінде бағаланып келеді.

Бұған дейін Нұрғали Нүсіпжанов әлеуметтік желіде денсаулығына байланысты ой-толғамымен бөлісіп, көпшілікті тебіренткен еді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары