Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі прокуратураның үйлестіруімен лицензия алу үшін жалған мәліметтер енгізумен айналысқан топтың заңсыз әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды Malim.kz.
Тергеу мәліметіне сәйкес, 2021 жылдан бері күдіктілер Е-лицензиялау ақпараттық жүйесіне жалған деректер енгізіп отырған. Бұл әрекет Алматы қаласының қала құрылысы бақылау органының қызметкерлерімен сөз байласу арқылы жүзеге асқан.
Күдіктілер өздеріне қарасты компаниялар атынан өндірістік база, арнайы техника және білікті мамандар бар екені туралы жалған ақпарат ұсынған. Алайда бұл талаптарға нақты сәйкестік болмаған.
Соның нәтижесінде 400-ден астам заңды тұлға сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларында І санаттағы лицензияларды заңсыз алған.
Тінту барысында заңсыз әрекеттерді дәлелдейтін құжаттар мен заттай айғақтар тәркіленді. Ал мұндай «қызмет» үшін ұйымдастырушылар 2 млн-нан 5 млн теңгеге дейін ақы алып отырған.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда.