Malim.kz
Қоғам

"Жалғыз өзі шыққан": Алматы тауыларында бір күн бұрын жоғалып кеткен қыздың мәйіті табылды (ВИДЕО)

Қайсар Қанат
stan.kz коллажы

Алматы тауларында бір күн бұрын жоғалып кеткен қыздың мәйіті табылды, деп хабарлайды Malim.kz.

Марқұм 19 желтоқсанда соңғы рет шамамен сағат 16:00-де әпкесімен байланысқа шығып, Букреев шыңынан Pioneer тау-шаңғы курорты бағытына қарай төмен түсіп келе жатқанын айтқан. Ол кезде үстінде тауға арналған аяқ киім, қара түсті қысқы комбинезон, дулыға болған, қолында сноуборд алып жүргені белгілі.

Туыстарының айтуынша, марқұм бұл бағытпен бұған дейін де бірнеше рет жүрген. Ал Pioneer курорты маңындағы бейнебақылау камералары оның таңғы 6:30-да жолға шыққанын тіркегенімен, кері қайтып келген сәті жазбалардан анықталмаған.

20 желтоқсанда Pioneer тау-шаңғы курорты Instagram парақшасында қайғылы жағдайды растады. Курорттың хабарлауынша, құтқару қызметі Букреев шыңы маңынан бір күн бұрын жоғалып кеткен қыздың мәйітін тапқан. Қазіргі таңда түпкілікті сәйкестендіру үшін қажетті сараптамалар жүргізілуде.

Сонымен қатар, оқиғаның курорт аумағынан тыс, трассадан алыс жерде және демалыс орнының жауапкершілігіне кірмейтін аймақта болғаны нақтыланды.

"Қыз тауға жалғыз өзі, ешкімнің бақылауынсыз және құтқару қызметтеріне тіркелмей шыққан. Қайтыс болған адамның отбасы мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Баршаңызды қауіпсіздік ережелерін сақтауға, тек белгіленген аумақтарда жүруге және тауға жалғыз шықпауға шақырамыз", – делінген курорт мәлімдемесінде.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары