Malim.kz
Қоғам

Жаңа Конституцияны 30 жыл бұрынғыдай шағын топ емес, 130 адам дайындап жатыр – Ерлан Қарин

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан скрин

Жаңа Конституцияның жобасы жұртшылыққа ұсынылғанына бір апта өтті. Осы уақыт ішінде қазақстандықтардан 4 мыңнан астам ұсыныс пен пікір түскен, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституциялық комиссияның 9-отырысында мәлімдеп, жаңа Ата заңды қабылдаудың маңызын түсіндірді.

Ерлан Қариннің айтуынша, қоғамда «неге дамыған елдердің Конституциясын дайын күйінде алып қолданбаймыз?» деген сауал жиі көтеріледі. Алайда Конституция әр мемлекеттің тарихи жолына, мәдениеті мен құндылықтарына сай қалыптасуы тиіс.

Ол Германия, Франция, Жапония немесе АҚШ-та тиімді жұмыс істеп тұрған құқықтық нормалар Қазақстан үшін дәл сол күйінде жарамды болмауы мүмкін екенін атап өтті. Себебі әр елдің саяси жүйесі, тілі, мәдениеті мен даму бағыты әртүрлі. Тіпті мәдениеті мен экономикасы ұқсас мемлекеттердің өзі Конституцияны бір-бірінен көшірмейді.

Мемлекеттік кеңесшінің сөзінше, кейбір елдердің негізгі заңдарында Қазақстан қоғамының дәстүрі мен құндылықтарына қайшы келетін нормалар бар. Ал жаңа Конституцияда зайырлылық, неке секілді негізгі қағидаттар нақты айқындалып, ұлттық ерекшеліктер ескерілген. Конституция – жай ғана құқықтық құжат емес, ол қоғамның дүниетанымы мен моральдық ұстанымдарының көрінісі.

Ерлан Қарин 1995 жылғы Конституцияны әзірлеуге небәрі 12 адамнан тұратын сарапшылық кеңес қатысқанын еске салды. Оның ішінде шетелдік мамандар да болған. Олар халықаралық құқықты жақсы меңгергенімен, Қазақстанның тарихы мен болмысын терең білмеуі мүмкін екенін айтты.

Қазіргі жағдайда жаңа Конституцияны әзірлеу үдерісі мүлде өзгеше форматта өтіп жатыр. Құжатты еліміздің әр өңірінен жиналған, түрлі саланың өкілдерінен құралған 130 адамнан тұратын кең ауқымды комиссия дайындауда. Жұмыс ашық форматта, тікелей эфирде жүргізілуде және комиссия құрамында бірде-бір шетелдік сарапшы жоқ.

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, Қазақстан өз Ата заңын және құқықтық жүйесін дербес әзірлеуге толық қабілетті. Жаңа Конституция мемлекеттілікті нығайту, тұрақтылықты қамтамасыз ету және ұлттық мүддені қорғау қағидаттарына негізделіп жазылып жатыр. Сондай-ақ құжат алғаш рет ең алдымен қазақ тілінде – мемлекеттік тілде әзірленуде.

Осыған байланысты Ерлан Қарин жаңа Конституцияны шын мәнінде халықтық құжат деп атады. Оның айтуынша, бұл – сырттан таңылған емес, қазақстандықтардың өзара пікір алмасу, талқылау және ортақ келісім арқылы қабылдап жатқан Ата заңы.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары