Malim.kz
Қоғам

"Жаныңыз жәннатта болсын": Әлем чемпионы Ризабек Айтмұханның отбасында қайғылы жайт болды (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
uww.org. Суретте: Ризабек Айтмұхан

Еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан әлеуметтік желіде қайғылы хабарын бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.

Спортшы өз жазбасында атасы Айтмұханның өмірден өткенін хабарлап, жүрекжарды сөздерін арнады. Ол жақын адамынан айырылғанын ауыр қабылдағанын айтып, атасына деген сағынышын жеткізді.

"Бүгін мен қанатымнан айырылдым... Айтмұхан атамнан айырылдым. Мен Олимпиадада жеңіске жетіп, сол жеңісті сізге арнаймын деп армандаған едім, Ата… бірақ үлгермедім. Жақындарыңызды бағалаңыздар, олармен көбірек уақыт өткізіңіздер. Бұл – ешқандай ақшаға сатып ала алмайтын бақыт. Ата, мен сізді қатты жақсы көремін. Жаныңыз жәннатта болсын", – деп жазды Ризабек Айтмұхан.

Ризабек Айтмұхан – Қазақстанның еркін күрес шебері, әлемдік деңгейде танылған спортшы. Ол 2004 жылдың 29 сәуірінде Солтүстік Қазақстан облысы Кішкенекөл ауылында дүниеге келген. Жасынан спортқа бейім болып, еркін күреспен ерте жастан айналыса бастады. Оның жеке бапкері – Қанат Жолдасбаев.

2023 жылы небәрі 18 жасында Қазақстан чемпионы атанып, үлкен спорттағы алғашқы ірі жетістігіне қол жеткізді. Сол жылы Белградта өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, ел тарихында ерекше нәтиже көрсетті.

Ол Азия чемпионаттарында бірнеше мәрте күміс жүлдегер атанған. Сонымен қатар 2024 жылы U20 және U23 санаттары бойынша әлем чемпионаттарында топ жарды. 2025 жылы Ислам ынтымақтастығы ойындарында да жүлделі орын иеленді. Ризабек Айтмұхан – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері және ел үмітін ақтап жүрген жас чемпиондардың бірі.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары