Қазақ киносы мен театр өнерінің абызы Асанәлі Әшімовтің немересі желідегі парақшасында жүрек тебірентерлік жазбасын жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Атақты актердің немересі Аңсар Әшімов Instagram желісіндегі ресми парақшасында Селимхан анасына деген сағынышын жеткізді.
"Сізді құшақтамағаныма, көрмегеніме, дауысыңызды естімегеніме, сүймегеніме 40 күн болды. Жатқан жеріңіз жайлы, жаныңыз жәннәтта болсын, Анашым", – деп жазды Аңсар Әшімов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Аңсар Әшімов – қазақ киносы мен театрының аңызына айналған актер Асанәлі Әшімовтің немересі, марқұм актер Сағи Әшімовтің ұлы.
Асанәлі Әшімов туралы
Айта кетейік, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ театр және кино өнерінің көрнекті тұлғасы Асанәлі Әшімов 2025 жылдың 21 желтоқсанында 89 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Өнер майталманы 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылында дүниеге келген. 1956-1961 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетінде актер мамандығы бойынша білім алды.
Шығармашылық жолын "Қазақфильм" киностудиясында бастаған ол 1963 жылдан бастап Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында актер әрі режиссер ретінде ұзақ жылдар қызмет етті. Асанәлі Әшімов қазақ кино өнерін әлемге танытқан бірегей актерлердің бірі саналады.
Марапаттары мен атақтары
Өнердегі өлшеусіз еңбегі үшін актер көптеген жоғары марапаттарға ие болды. Соның ішінде:
- 1973 жыл – "Атаманның ақыры" фильміндегі рөлі үшін К.Байсейітова атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы
- 1974 жыл – театр өнеріндегі еңбегі үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы
- 1978 жыл – Қазақ КСР халық әртісі
- 1980 жыл – КСРО халық әртісі
- 2000 жыл – "Тарлан" тәуелсіз сыйлығы
- 2001 жыл – "Отан" ордені
- 2002 жыл – Жамбыл облысының құрметті азаматы
- 2003 жыл – "Қазақы оқиға" фильміндегі рөлі үшін "Шәкен жұлдыздары" кинофестивалінің лауреаты
- 2007 жыл – "Құрмет" ордені
- 2007 жыл – әлемдік кино өнеріне қосқан үлесі үшін ЮНЕСКО Халықаралық академиясының "Алтын қыран" ордені
Сағи Әшімов туралы
Сондай-ақ актердің ұлы Сағи Әшімов 1961 жылы дүниеге келіп, 1999 жылы небәрі 38 жасында өмірден өткен. Ол 9-сыныптан бастап киноға түсіп, шамамен 30-ға жуық фильмде әртүрлі рөлдерді сомдаған.
Сағи Әшімовтің шығармашылық жолындағы ең биік белесі – "Шоқан Уәлиханов" телефильміндегі басты рөлі. Осы бейнесі үшін ол небәрі 25 жасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болған.
Өмірден ерте озған Сағи Әшімов көрермен жадында жарқ етіп сөнген аққан жұлдыздай дара талант ретінде қалды. Ал Асанәлі Әшімов үшін қос ұлынан айырылу – жүректен кетпейтін ауыр қасірет еді.
"Кейде бәрін өзімнен көремін. Атақ, даңқ адамды байқатпай өзгертіп жібереді екен. Алла Тағала сол үшін ескерту жасады ма деп ойлаймын", – деген еді актер бір сұхбатында.