Танымал әнші Тоқтар Серіков әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жеке концертінде сөз сөйлеп, оның төңірегіндегі дауға қатысты пікір білдірді, деп Malim.kz тілшісі Ozgeris.info сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Өнер иесі досының жеке өміріне байланысты тараған әңгімелерге тоқталып, көпшілікті сабырға шақырды. Оның айтуынша, ел болып жақсы көрген адамды өзіміз өсекке айналдырып, кейін қайта ақтап алуға тырысамыз.
"Ондай әңгімелер кейбір ағайынның жүрегіне ыңғайсыз тиіп жатқанын білемін. Өзіміз жақсы көреміз, өзіміз өсек қыламыз. Өзіміз жаралаймыз. Жарасынан қаны аққан кезде қайтып танып, емдеп аламыз. Бұл қазақтан басқа халықта жоқ қасиет. Өздеріңіз жаралап алған үлкен құстың жарақатын қайтадан өздеріңіз жазыңыздар. Мені де дымымды қалдырмай жазып жатады: "қатынын мақтай береді" деп. Жалғыз маңдайға біткен бір қатыным, не істеймін енді? Өлгеннен кейін емес, тірі кезімізде бір-бірімізге жақсы адам деп айтайық", – деді өнер иесі.
Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі Тоқтардың сөзін даналыққа балап, қолдау білдірсе, енді бірі Тұрсынбектің әрекеті ақтауға келмейді деген ұстанымда.
"Жаным Тоқтар аға аман болыңызшы", "Өте ақылды азамат", "Айтқаныңыз орынды әрине, бірақ Мөлдірді жылатқаны дұрыс емес", "Міне, нағыз азамат", – деп жазды желі қолданушылары.