Malim.kz
Қоғам

Жеке дерегіңіздің тарап кеткен-кетпегенін арнайы платформа арқылы тексере аласыз

Айбын Атабай
Gov.kz

Қазақстанда әр тұрғын өз жеке дерегін алаяқтар ұрлап кеткен-кетпегенін тексере алатын арнайы жүйе жасалмақ. Мұны Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева мәлімдеді.  

Жүйе қалай жұмыс істейді?

Жаңа сервис цифрлық қауіпсіздік туралы заң аясында іске қосылады.  Арнайы мемлекеттік платформа арқылы кез келген адам өзінің жеке деректерінің тарап кеткен-кетпегенін тексере алады. Мысалы, ЖСН, телефон нөмірі немесе мекенжайы интернетке шығып кетсе, ол туралы арнайы платформа арқылы біле алады.

Бастама авторларының айтуынша, бұл адамдарға құпия сөзін тез ауыстыруға немесе банк карталарын бұғаттауға көмектеседі.

Сонымен қатар депутаттар ресми жарияланатын құжаттардағы жеке мәліметтер мәселесін де реттемек. 

“Ашық жариялануы міндетті құжаттардағы жеке деректерді жасыру және хэштеу талаптары енгізіледі. Бұл сот шешімдері немесе мемлекеттік сатып алуға қатысты құжаттарға қатысты”, – деді депутат.

Қарапайым тілмен айтқанда, мұндай құжаттардағы адамның тегі, мекенжайы сияқты мәліметтер бөгде адамдар пайдаланып кетпеуі үшін жұлдызшамен жабылады немесе жасырылып көрсетіледі.

Айыппұл мен қылмыстық жауапкершілік

Қазақстанда енді өзгенің жеке дерегіне салғырт қарағандарға жаза күшейтілуі мүмкін.

Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, ақпараттың жаппай тарап кетуіне жол бергендерге қылмыстық жауапкершілік енгізу жоспарланып отыр. Ал деректердің ұрлануына жол берген компанияларға салынатын айыппұлды 5 000 АЕК-ке дейін көтеру ұсынылды.

Сонымен қатар мемлекеттік базаларға арнайы қорғаныс тетіктері енгізіледі. Мысалы, қазіргідей деректерді толық тізім күйінде жаппай жүктеп алуға шектеу қойылмақ. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары