Malim.kz
Әлем

Женевада АҚШ пен Украина келіссөздерінің жаңа кезеңі өтіп жатыр

Арман Қайыпхан
Фото: Yekaterina Chesnokova/TASS/IMAGO

Женева қаласында 26 ақпан, бейсенбі күні Орталық Еуропа уақыты бойынша түсте АҚШ пен Украина делегациялары арасындағы келіссөздердің жаңа раунды басталды, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.

Украина делегациясын Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің (ҰҚҚК) хатшысы Рустем Умеров бастап барды. АҚШ тарапынан келіссөздерге Президенттің арнайы өкілі Стивен Уиткофф және Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер қатысуда.

Бұған дейін Украина Президенті Владимир Зеленский кездесуде Украинаны қалпына келтіру пакеті, АҚШ–Украина–РФ үшжақты алдағы кездесуіне дайындық және әскери тұтқындар алмасу мәселелері талқыланатынын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Женевадағы екіжақты кездесуге алғаш рет Украина экономика министрі Юлия Свириденко де қатысып отыр.

Рустем Умеров Telegram-дағы парақшасында бұл раундта үкіметтің экономикалық блогымен бірлесіп, Украинаны экономикалық қолдау мен қалпына келтіру тетіктерін, инвестиция тарту құралдарын және ұзақ мерзімді ынтымақтастық бағыттарын пысықтауды көздейтінін жазды. Сондай-ақ ол Ұлттық инвестициялық кеңестің хатшысы Давид Арахамиямен бірге Мәскеу делегациясы қатысатын келесі үшжақты келіссөз кезеңіне дайындықты талқыламақ.

25 наурызда Владимир Зеленский АҚШ Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, Украина мен Ресей арасындағы келіссөз процесін талқылады. Зеленскийдің айтуынша, тараптар Женевадағы екіжақты кездесуде қаралатын мәселелерді және наурыз айының басында толық құрамда өтетін үшжақты форматтағы келесі келіссөздерге дайындықты сөз еткен.

Украина басшысы келесі кезең Украина мен Ресей арасындағы келіссөздерді мемлекет басшылары деңгейіне шығаруға мүмкіндік береді деп үміттенетінін айтты. Оның сөзінше, Дональд Трамп мұндай қадамдар ретін қолдайды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары