Таиландтың солтүстігіндегі Лампхун провинциясында Daily News online журналистері карен халқынан шыққан екі ұзақ жасаған адамды анықтады. Олардың бірі – 126 жастағы Куиче Читсакулват, ал екіншісі – 104 жастағы Джуджу Судсойдао. Егер әйелдің жасы ресми түрде расталса, ол әлемдік ұзақ өмір сүру рекордын жаңартуы мүмкін, деп хабарлайды Malim.kz.
Екеуі бір ауылда тұрғанымен, әртүрлі отбасыда өмір сүреді. Екеуінің де денсаулығы жақсы, есте сақтау қабілеті жоғары, вегетариандық тағаммен қоректенеді, медитация жасап, қарапайым өмір салтын ұстанады.
104 жастағы Судсойдао өздігінен жүріп-тұра алады, тек таяққа сүйенеді. Ол қонақтарға 1922 жылы туғанын көрсететін жеке куәлігін көрсеткен. Оның жұбайы 89 жаста, екеуінің бес баласы, 14 немересі және бір шөбересі бар. Ең кіші баласы 45 жаста, ал үлкені – 56 жаста.
Ал 126 жастағы Читсакулватты журналистер серуендеп жүрген жерінен кездестірген. Қазіргі таңда бұл – оның сүйікті ісі. Бұрын ол күріш алқаптарында еңбек еткен.
Әйелдің айтуынша, ол ешқашан ауыр дертке шалдықпаған, тек қазіргі кезде есту қабілеті әлсіреген. Оның жалғыз баласы 40 жасында қайтыс болған, қазір оған немерелері көмектесіп жүр. Ұзақ жасаушының сүйікті тағамы – қуырылған қытырлақ тофу.
Қазіргі таңда ресми түрде тіркелген ең қарт адам – Ұлыбританиялық Этель Катерхэм. Ол 1909 жылы 21 тамызда дүниеге келген және 2026 жылдың тамызында 117 жасқа толады. Ал ер адамдар арасында ең қарт ретінде бразилиялық Жуан Мариньо Нето танылған, ол 2026 жылдың қарашасында 114 жасқа толады.