Туризм және спорт министрлігі шахматшы Бибісара Асаубаеваның мәлімдемесіне жауап берді. Ведомство төлемдердің қысқаруына спорттың басым түрлеріне қатысты жаңа ереженің енуі себеп болғанын айтты, деп хабарлайды Malim.kz Stan.kz сайтына сілтеп.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, 2023–2024 жылдары Бибісара Асаубаева Спортты дамыту дирекциясы арқылы ай сайын шамамен 1 миллион теңге көлемінде жалақы алған. Алайда 2025 жылы мемлекет спорттың басым түрлерінің тізімін бекіткен жаңа заң күшіне енді. Бұл тізімге шахмат енгізілмеген.
“Бибісара Асаубаева 2023–2024 жылдары Спортты дамыту дирекциясынан ай сайын шамамен 1 миллион теңге көлемінде жалақы алып келді. 2025 жылы елімізде спорттың басым түрлерін айқындайтын заң қабылданды. Шахмат бұл тізімге енбеді. Осыған байланысты оның келісімшарт бойынша алатын жалақысы қысқартылды. Өткені ол енді олимпиадалық спорт түрлерімен тең дәрежеде қаржыландырыла алмайды”, – деді Жарасбаев.
Министрлік Sport Qory қорына қатысты спортшының шағымдарына да жауап берді. Жарасбаевтың айтуынша, Асаубаеваның өтінімі мақұлданып, халықаралық жарыстарға дайындалуы үшін қор арқылы 100 миллион теңге бөлінген.
Вице-министр шахматшы қолдау таппаған екінші өтінім туралы айтып отырған болуы мүмкін дейді. Оның сөзінше, бұл қор бюджетінің шектеулі болуына байланысты болған.
“Спорт және туризмді қолдау қоры 100 миллион теңге көлеміндегі қаржыландырумен шектелді. Дегенмен динамикаға қарайтын болсақ, 2024 жылы ол 63 миллион теңге, 2025 жылы 79 миллион теңге, ал 2026 жылы 100 миллион теңге алды. Менің ойымша, бір спортшының жоғары халықаралық деңгейде дайындалып, жарыстарға қатысуы үшін бұл қаражат жеткілікті болуы тиіс”, – деді ол.
Министрліктің мәліметінше, мемлекеттік қолдаудан бөлек, шахматшы Қазақстан шахмат федерациясы тарапынан да қаржыландырылады. Жарасбаевтың айтуынша, биыл федерация, министрлік және оған қарасты ұйымдар тарапынан көрсетілген жалпы қолдау көлемі шамамен 160 миллион теңге болған. Бұған дейін бұл сома 200 миллион теңгеден асқан.
Ол шахматтан Бибісара Асаубаева үш жыл қатарынан әлем чемпионы болып келе жатқанын айтты.
"Мемлекет басшысы мұны өте жоғары бағалап, оған "Барыс" ІІ дәрежелі мемлекеттік наградасын беру туралы Жарлыққа қол қойды", — деп қосты вице-министр.
Айта кетейік, бұған дейін Шахматшы Бибісара Асаубаева Тоқаевтан көмек сұрап, спорт министрлігінен тиісті қолдау көрмей отырғанын жеткізген еді.