Malim.kz
Қоғам

"Жүрегім тарсылдап тұр... Ота жасатамын": Айгүл Иманбаева денсаулығына байланысты күтпеген хабарды айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
instagram.com/aigul_imanbayeva. Суретте: Айгүл Иманбаева

Әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева жоспарланған отаның кейінге қалдырылғанын хабарлады. Бұған медициналық талдаулардың кейбір көрсеткіштері талапқа сай болмауы себеп болған, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесінің айтуынша, ол бүгін ауруханаға жатып, ота жасатуы керек болған. Алайда анестезиолог пен хирург қосымша тексеруден өтіп, талдауларды қайта тапсыруды сұраған.

"Кейбір талдауларым дұрыс болмай, дәрігерлерім қайта тапсыруға жіберді. Анестезиологым да, хирургым да бәріне мұқият қарап отыр", – деді ол.

Айгүл Иманбаева дәрігерлердің жауапкершілігі мен кәсібилігіне ризашылығын білдірді. Оның сөзінше, көрсеткіштер аса нашар болмағанымен, мамандар ота алдында толық сенімді болу үшін қайта тексеруді жөн көрген.

"Олар денсаулық пен өмірге жауапкершілікпен қарау керегін айтты. Талдауларды қайта тапсырдым. Жүрегім тарсылдап тұр. Бәрі жақсы болса, ота жасатамын", – деді актриса.

Еске сала кетейік, Айгүл Иманбаева әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышты хабарын айтқан еді. Сондай-ақ әнші екінші некесінде балалы болу мәселесіне қатысты пікір білдірді

Айгүл Иманбаева кім?

Айгүл Серікқұлқызы Иманбаева – әншілік, актерлік, тележүргізушілік және продюсерлік бағыттарды қатар алып жүрген қазақ өнерінің танымал өкілі. Ол 1977 жылғы 15 наурызда Жамбыл облысы Қордай ауданының Кенен ауылында дүниеге келген.

Өнерге қызығушылығы бала кезінен қалыптасқан. Мектепте оқып жүргенде музыкамен айналысып, баян аспабын меңгерген. Кейін кәсіби білімін Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында жалғастырып, 1994-1998 жылдары осы оқу орнында оқыған.

Диплом алғаннан кейін Айгүл Иманбаева шығармашылықпен бірге ұстаздық қызмет атқарды. 1998 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы колледжде сабақ беріп, жас өнерпаздарды даярлауға үлес қосты. Сонымен қатар Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық театрда актриса болып еңбек етті.

Театр сахнасында "Қыз Жібек", "Пай, пай, жас жұбайлар-ай", "Таланған тағдыр", "Алма бағы", "Көгілдір такси", "Желтоқсан желі" секілді қойылымдарда түрлі образдарды сомдады. Бұл рөлдер оның актерлік шеберлігін танытып, көрерменге кеңінен танылуына ықпал етті.

Айгүл Иманбаева 2001 жылы "Хабар" арнасындағы "Ұят болмасын" бағдарламасы арқылы көпшілікке кеңінен таныла бастады. Жобада ол еркін жүргізушілік мәнерімен, әзілге жақындығымен және сөз саптауымен ерекшеленді. Сол жылы республикалық әзіл-сықақ байқауында әншілерге жасаған пародиясы үшін бірінші орын иеленді.

Өнер иесі кино саласында да еңбек етті. 2004 жылы "Мосфильм" түсірген "Человек ветер" картинасында Шолпанның рөлін сомдады. Кейін "Сүйінші" фильмінде Нұрсұлтан Назарбаевтың анасының бейнесін, ал 2010 жылы "Ғашық жүрек" картинасында Майра Итаяқованың образын экранға шығарды.

Айгүл Иманбаева эстрададағы шығармашылық жолын 1999 жылдан бастап белсенді дамытты. Оның репертуарына отыздан астам ән енген. Бірнеше бейнебаян түсіріп, 2007 жылы "Таңғы елес" атты алғашқы жеке шығармашылық кешін өткізді.

2006 жылы ол "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Ал 2011 жылы жеке "А.И" драма театрын ашып, продюсерлік және театрлық қызметін жаңа деңгейге көтерді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Иманбаева бүгінде қазақ сахнасында өзіндік орны бар өнер иелерінің бірі саналады. Ол театр, кино және эстрада салаларындағы шығармашылығын қатар дамытып, ұлттық өнерге үлес қосып келеді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары