Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов әлеуметтік желіде денсаулығына байланысты ой-толғамымен бөлісіп, көпшілікті тебірентті, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі өмірдің мәні мен адам тағдыры туралы терең пікір білдіріп, ауыр дертті бастан өткерген адамның ғана кейбір шындықты толық түсінетінін атап өтті.
"Өмір сенің сұрауыңды бермейді, сен оның ұсынғанын қабылдайсың. Адам бір терінің ішінде мың арып, мың семіреді. Аурудың азабын арқалаған адам ғана бұл сөздің қадірін түсінеді", – деп жазды ол.
Сонымен қатар әнші жақсылықтың екі түрі болатынын атап өтті: бірі – Алладан, бірі – адамнан келетін жақсылық.
Нұрғали Нүсіпжанов жүрегіне күрделі ота жасаған кардиохирург Нұрәлі Есенкелдіұлына ерекше алғыс білдірді. Оның айтуынша, жас маман болса да өз ісінің шебері, адам жанын түсіне білетін дәрігер.
"Дархан дарыныңа басымды идім. Өзің басқарып отырған "Приват" ауруханасы ұжымына абырой тілеймін. Еліңе адал қызмет ете бер", – деп жылы лебізін жеткізді ол.
Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанұлы Нүсіпжанов – қазақ ән өнерінің ірі тұлғаларының бірі. Ол 1937 жылдың 5 қаңтарында қазіргі Жетісу облысы, Кербұлақ ауданына қарасты Доланалы ауылында дүниеге келген. Қарапайым шопан отбасында тәрбиеленген болашақ өнер иесі бала күнінен әнге құмар болып, мектепте жүрген кезінен-ақ көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, өз талантын таныта бастаған.
Жас әншінің қабілеті ерте көзге түсіп, түрлі байқауларда жарқырай көрінді. Оның дарынын байқаған мамандар Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсуге кеңес берген. Нұрғали Нүсіпжанов бұл оқу орнында Қазақ КСР халық әртісі Надежда Самышинаның жетекшілігімен білім алып, кәсіби әншілік өнердің қыр-сырын толық меңгерді.
Оқу орнын тәмамдаған соң, ол еңбек жолын Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында бастады. Кейін Қазақ теледидары мен радио хабарларын тарату комитетінде қызмет атқарып, редактордан бастап бөлім меңгерушісіне дейін көтерілді. 1976 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестріне жетекші әнші ретінде қабылданып, бұл ұжымда ұзақ жылдар бойы табысты еңбек етті.
Әншінің шығармашылығында Нұрғиса Тілендиевтің туындылары ерекше орын алады. Оның орындауындағы "Саржайлау", "Ақ құсым", "Жетісуым", "Қапшағай" әндері халық жүрегінен орын алып, кеңінен танымал болды. Сонымен қатар ол М.Маңғытаев, Ә.Бейсеуов, Қ.Қуатбаев, Т.Базарбаев сынды композиторлардың шығармаларын да шеберлікпен орындап, ұлттық өнердің дамуына үлес қосты.
Нұрғали Нүсіпжанов тек Қазақстанда ғана емес, шетел сахналарында да өнер көрсетіп, қазақ әнін әлемге танытты. Ол Швеция, Финляндия, Моңғолия, Түркия, Германия, Қытай, Польша, Алжир секілді көптеген елдерде концерт берді.
Өнердегі ерен еңбегі үшін ол "Қазақстанның халық әртісі" атағына ие болып, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Сонымен қатар "Парасат" және "Құрмет" ордендерімен марапатталған. Бүгінде Нұрғали Нүсіпжанов қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына зор үлес қосқан, ел құрметіне бөленген тұлға ретінде бағаланады.