Танымал әнші Нұрғали Нүсіпжановтың жүрегіне ота жасалды. Бұл туралы өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, операциядан кейінгі ойын бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
Әнші өз жазбасында өмірдің адамға түрлі сынақ беретінін айтып, басынан өткерген ауыр сәттерін көпшілікке ашық жеткізді. Оның сөзінше, тағдыр жолы әрдайым жеңіл болмағанымен, ол сабыр мен шыдамды серік етіп келеді.
Нұрғали Нүсіпжанов жүрекке түскен салмақтың оңай тимегенін, сын сағатта Аллаға сыйынып, еліне арқа сүйегенін атап өтті. Сондай-ақ ол халықтың батасы мен тілегі өзіне үлкен күш бергенін айтты.
"Бұл өмір – сынақ… Біреулер сол сынақты жылап көтерсе, екіншілер шыдап көтереді… Тағдыр жолым тақтайдай тегіс емес екенін жалпақ жұртқа жария етпесем де, көп жайтты елдің іші сезеді… Көкірегіне күйік толған-кейде жанған, кейде тоңған адаммын… Шыдамдылығымды шыңдайын дегендей Жаратқан Ием ширатқалы шиыршық атып өмір сүріп келем… Уақыттың жазбайтын жарасы жоқ, бірақ көңілде өткен күннен қалған сыз жоқ емес, ол ізсіз кетпейді екен…
Жұдырықтай жүрекке салмақ түсіріп алғандардың алды да, арты да мен емес шығармын… Атақ-абыройға бас ұрған адам емеспін, сезімнен күшті сабыр мен айғайдан мықты үнсіздікті серік еткен құдайдың құлымын… "Жалғыздың жары – Құдай", – деген сөз рас екен… Сыналған сәтте сыйынғаным бір Алла болды… Сенгенім, сүйенгенім қалың елім – қазағым… Қашанда ағайын-жұртым сіздерге арқа сүйедім… Жаратқанның жарылқағаны болар, өзім қастерлеген қазағым әрқашан қадірімді арттырып, қасиетімді көтеріп келеді… Қалың көптің бата, тілегіне қарыздармын… Отаның оңайы жоқ, жүрегіме операция жасап: "Киелі сахнаңызға барып сағыныш мауқыңызды басыңыз, Аға", – деп маған екінші өмір сыйлаған Ермағанбет Қуатбаев, Артур Абдимомынов, Азамат Наурушев сынды медицинаның сайыпқырандарына адал жүрегіммен ақ басымды иіп тұрып, алғыс-рахметімді айтамын", – деп жазды Нұрғали Нүсіпжанов.
Еске сала кетейік, Нұрғали Нүсіпжанов әлеуметтік желіде денсаулығына байланысты ой-толғамымен бөлісіп, көпшілікті тебіренткен еді. Сондай-ақ Нұрғали Нүсіпжанов жұбайы Жадыра Сейдеш екеуі жаңа жобаны бірге қолға алғанын айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялаған болатын.
Нұрғали Нүсіпжанов – қазақ ән өнерінің қадірлі тұлғасы
Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов – ұлттық музыка өнерінде өзіндік орны бар көрнекті әнші. Ол 1937 жылы 5 қаңтарда қазіргі Жетісу облысы Кербұлақ ауданына қарасты Доланалы ауылында дүниеге келген. Қарапайым шопанның отбасында өскен өнер иесі бала күнінен әнге жақын болып, мектепте жүрген кезінен-ақ көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, қабілетін таныта бастаған.
Нұрғали Нүсіпжановтың өнерге деген бейімі ерте байқалды. Түрлі байқауларда көзге түскен жас талантқа мамандар Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсуге кеңес береді. Ол аталған оқу орнында Қазақ КСР халық әртісі Надежда Самышинадан тәлім алып, кәсіби вокал өнерінің қыр-сырын меңгерді.
Консерваторияны тәмамдағаннан кейін әнші еңбек жолын Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында бастады. Кейін Қазақ теледидары мен радио хабарларын тарату комитетінде қызмет етіп, редакторлықтан бөлім меңгерушісі деңгейіне дейін көтерілді. Ал 1976 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестріне жетекші әнші болып қабылданып, осы ұжымда ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті.
Әншінің репертуарында Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары айрықша орын алады. Оның орындауындағы "Саржайлау", "Ақ құсым", "Жетісуым", "Қапшағай" әндері тыңдарман жүрегінен орын алып, ел арасына кеңінен тарады. Сонымен бірге Нұрғали Нүсіпжанов М. Маңғытаев, Ә. Бейсеуов, Қ. Қуатбаев, Т. Базарбаев сынды композиторлардың әндерін де жоғары деңгейде орындап, қазақ ән өнерінің дамуына зор үлес қосты.
Өнер иесі Қазақстанда ғана емес, шетел сахналарында да қазақ әнін асқақтатты. Ол Швеция, Финляндия, Моңғолия, Түркия, Германия, Қытай, Польша, Алжир секілді бірқатар елде концерт қойып, ұлттық өнерді әлем жұртшылығына танытты.
Ұзақ жылғы шығармашылық еңбегі мен қазақ мәдениетіне қосқан үлесі үшін Нұрғали Нүсіпжанов "Қазақстанның халық әртісі" атағын иеленіп, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Сондай-ақ "Парасат" және "Құрмет" ордендерімен марапатталды. Бүгінде ол қазақ ән өнерінің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген, халықтың ықыласы мен құрметіне бөленген өнер майталманы ретінде бағаланады.