Қапшағайда қос қуаныш

Абай Нұржанұлы

  • 01.12.2020

Бүгін Алматы облысындағы Қапшағай қаласында елу пәтерлі еңселі тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ, шаһардағы орталық жылу жүйесі мазуттан көгілдір отынға ауысты. Қос қуаныш Тұңғыш Президент күні аталып өтті. Бұл туралы МӘЛІМ КЗ сайтының тілшісі хабарлайды.

Су жаңа баспана кілтіне көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасылар және әр түрлі категориядағы елу отбасы ие болды. Жаңа бес қабатты тұрғын үй № 19 ықшам ауданнанда  Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салыныпты. Тұңғыш президент күні мерекесінде жаңа шаңыраққа бас сұғып шаттыққа кенелген қапшағайлықтардың  бірі Венера ӨТЕГЕНОВА. Бес баланың анасы сегіз жылдан бері баспана кезегінде тұрыпты. Бүгін мемлекеттік бағдарламаның игілігімен үш бөлмелі пәтерге қоныстанып жатыр.

«Бірінші кезекте осы құдайдың берген бес баласының арқасы ғой. Алдымен облыс әкімі Амандық БАТАЛОВҚА рақмет. Осындай бағдарламаларды жүзеге асырып ел-жұрт деп шапқылап жүрген. Баспана деген бақыт қой. Қуаныштымын. Бала-шаға мәз. Бүгінгі Тұңғыш Президент күнімен барлықтарыңызды құттықтаймын. Қуанышымда шек жоқ. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», - дейді көпбалалы ана Венера Өтегенова.

Алпыс мыңнан асатын халқы бар қалада баспанаға кезекте тұрғандардың саны 3090 адам екен. 2020 жылдың соңына қарай тағы да 130 пәтерден тұратын үш көп қабатты тұрғын үй беріледі екен. Яғни кезекте тұрғандардың саны тағы азая түспек.

«Қаңтар айында тағы да 50 пәтер халықтың игілігіне  берілетін болады. Келесі 2021 жылы 360 пәтерлі 6 көп қабатты тұрғын үйдің құрлысы жүреді. Сонымен санағанда жыл сайын «Нұрлы жер» бағдарламасымен орташа 150 пәтерден беріп тұрамыз», - дейді Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан ҚАМАТАЕВ.                   

Ірге тасы өтген ғасырдың 1970 жылы салынған Қапшағайда бұған дейін көгілдір отын болмаған еді. Енді толықтай газға қосылды. Шаһардағы 10 қазандық 1969 жылдан бері мазуытпен  жылынып келген. Ал жаз бойы тұрғындарда жылы су болмайтын, коммуналдық шығын да аз емес еді. Енді міне қаладағы 249 көпқабатты тұрғын үй  мен 15 мыңнан аса жеке үйлер көгілдір отынның қызығын көреді. Жаз бойы жылы су тоқтамайды. Төлем ақы да айтарлықтай арзандамақ.

«Бұрын пәтерге газ балон тасушы едік. Оның әуресі көп қой. Үйде бала-шаға болған соң алаңдап отырасың. Қауіпсізідк мәселесі деген бар емес пе? Кейін тоқ плитасын қойдық. Оның ақшасы аз емес дегендей. Біздің қала көл жағасында. Жаз бойы келімді-кетімді қонақтар көп. Халыққа да, бизнеске де газдың келгені жақсы болды. Бұрындары жылуға он мыңнан аса ақшамыз кетуші еді. Мен мысалы осы айға жеті мыңға жуық теңге төледім», - дейді Қапшағай қаласының тұрғыны Самал ТӨЛЕПБЕРГЕНОВА Мәлім кз сайтының тілшісіне.

Ал жергілікті шенділер газдың бюджет пен халық үшін тиімді екенін айтады.

«Бізге осы уақытқа дейін жылту маусымына 26 мың тонна мазуыт қажет болатын. Оның бағасы 2 милиард 600 милион болатын еді ғой. Ал газдың әр кубы 30 теңгеден келіп жатыр. Біз жаздағы жылы суға қажетті барлық қаржыны санағанда 1 миллиардтың  айналасында болып отыр. Сонда бір жарым миллиард қаржы үнемделейін деп отыр», - дейді Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан ҚАМАТАЕВ.                   

Естеріңізге сала кетейік, Қапшағай қаласы орталық қазандығын көгілдір отынға көшіру жұмыстары жыл басында қолға алынған. Оған «жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 680 миллион теңге қаржы қарастырылып,  он тоғыз адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Фотоны автор ұсынды.