Халық әртісі Меруерт Өтекешова "Қыз Жібек" фильмінің бір кездері жоғалып кету қаупі болғанын айтты. Актриса Майя Бекбаеваға берген сұхбатында аты аңызға айналған картинаны қалпына келтіру үшін қандай еңбек атқарылғанын еске алды, деп хабарлайды Malim.kz.
Өтекешованың сөзінше, 90-жылдары ол теледидардан "Қыз Жібек" фильмін көріп, таспаның жағдайына қатты алаңдаған. Фильмнің ескі көшірмесі тозып, жыртылып, сапасы нашарлап кеткен.
"Фильм көз алдымда жойылып бара жатқандай әсер қалдырды. Бірдеңе істеу керек, бұл фильмді қалпына келтіру қажет деп ойладым", – деді актриса.
Оның айтуынша, сол жылдары киностудияда фильмді қалпына келтіруге қаржы болмаған. Осыдан кейін "Қыз Жібек" қайырымдылық қоры құрылып, демеушілер іздестіріле бастаған. Кейін Мәскеуде тұратын қазақстандық кәсіпкерлер отбасы қолдау көрсетіп, фильмнің орыс тіліндегі нұсқасын Белые Столбы архивінен қалпына келтіруге мүмкіндік туған.
Актриса түпнұсқа материалдардың Мәскеудегі арнайы архивте сақталғанын айтты. Ал қазақ тіліндегі нұсқаның магниттік таспасын Қазақстаннан іздеуге тура келген. Оның сөзінше, киностудиядағы кей материалдардың ретсіз жатқанын және қазақша нұсқаға қажет дыбыс бөліктерінің жетіспегенін көргенде қатты қынжылған.
Кейін Меруерт Өтекешова Рысқұловтағы қоймадан қажетті таспаларды тауып, оларды Мәскеуге қайта апарған. Осылайша, жетіспей тұрған дыбыс бөліктері қалпына келтіріліп, фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасын сақтап қалуға мүмкіндік туған.
Актриса қалпына келтірілген материалдарды бірден киностудияға тапсырмағанын да жасырмады. Оның айтуынша, сол кездегі ахуал фильм мұрасына толық сеніммен қарауға мүмкіндік бермеген.
"Ол кездегі жағдай сенім артуға келмейтіндей еді. Материалдарды кейін, киностудияда тәртіп орнай бастаған кезде ғана тапсырдым", – деді ол.
Еске сала кетейік, қазақ киносының белгілі актері Досхан Жолжақсынов "Қыз Жібек" фильміндегі камзолдың тағдырына қатысты пікір айтқан. Бұл мәселеге “Қыз Жібек” фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Меруерт Өтекешова да пікір білдіріп, ұлттық кино мұрасына қатысты өз ойын айтқан болатын.
Жақында Орал қаласында Қазақстанның халық әртісі, "Парасат" және "Құрмет" ордендерінің иегері, белгілі театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешованың 75 жылдық мерейтойына арналған "Қазақтың Қыз Жібегі" атты шығармашылық кеш өткен.
"Қыз Жібек" фильмі – қазақ киносының алтын қорындағы жауһар туынды
"Қыз Жібек" – 1970 жылы "Қазақфильм" киностудиясында түсірілген екі бөлімді көркем фильм. Картинаның режиссері – Сұлтанахмет Қожықов, сценарий авторы – Ғабит Мүсірепов. Туынды қазақ тілінде түсіріліп, эпостық-драмалық жанрда ұсынылған.
Фильмдегі басты рөлдерді Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков және Асанәлі Әшімов сомдады. Ал туындының музыкасын қазақтың әйгілі композиторы Нұрғиса Тілендиев жазған.
Картинаның желісі қазақтың лиро-эпостық жырына негізделген. Бірінші бөлімде Базарбайдың ұлы Төлеген өзіне лайық жар іздеп, көптеген арудың ішінен Сырлыбай ханның қызы Жібекті таңдайды. Алайда қызғаныш пен қастандықтың салдарынан Бекежан Төлегенді өлтіреді. Бұл қайғылы оқиға Жібектің тағдырына ауыр соққы болып тиеді.
Екінші бөлімде Төлегеннің інісі Сансызбай ағасының кегін қуып, жауға қарсы шығады. Ол ерлік көрсетіп, елін қорғап, Жағалбайлы жұртын азат ету жолында күреседі.
Фильмде қазақ халқының салт-дәстүрі, ұлттық болмысы, махаббат пен адалдық, ерлік пен елдік идеясы кеңінен көрініс тапқан. "Қыз Жібек" – қазақ кино өнерінің алтын қорынан ойып тұрып орын алған, мәдени және тарихи маңызы зор туынды.