Қазақ киносының белгілі актері Досхан Жолжақсынов "Қыз Жібек" фильміндегі камзолдың тағдырына қатысты пікір айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі бұл туралы журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында сөз қозғаған.
Актердің айтуынша, "Қыз Жібек" фильмінде басты рөлді сомдаған Меруерт Өтекешова мен ұлттық кинодағы Қыз Жібек бейнесі халық жадында бір-бірімен тығыз байланысты. Ол мұндай тарихи және мәдени маңызы бар жәдігерлердің лайықты деңгейде сақталуы қажет екенін атап өтті.
"Кешегі Қыз Жібекті ойнаған Меруерт. Меруертті іздесе, Қыз Жібек деп, сол қоғам, сол орта, бүгінгі сүлейлер қайда қалды? Бәлкім "Қыз Жібек" киген камзол жоғалмағанда, Қыз Жібекті де еске алмас еді. Ал Қыз Жібектің киген камзолы төбемізге көтеріп, тәж етсек, оның киімі де сондай.
Ол Шәкен Аймановтың музейіне тапсырылу керек. Сонда тұру керек. Не болмаса, біздің Орталық музейімізге тапсырылу керек. Міне, осындай дүниелерді ойлайсың да, "Аһ" ұрасың. Құдай-ау, біз қай бағыттамыз? Біз қайда кетіп бара жатырмыз?
Сонда бір қазақ біреуді біреу іздеу үшін, өлу керек пе? Сонда ғана сені біреу іздейтін болады ғой", – деп қынжылды актер.
Еске сала кетейік, 17 сәуір күні Баян Алагөзова әлеуметтік желідегі парақшасында "Қыз Жібек" фильміндегі қамзолды киіп, оны сыйлыққа алғанын айтқан еді. Осы жазбадан кейін қоғамда тарихи жәдігердің жеке адамның қолына қалай өткені қызу талқыланды.
Кейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі аталған қамзолдың жеке меншікке өту мән-жайын тексеретінін мәлімдеді. Ал Баян Алагөзова 50 жыл бойы ешкімнің назарында болмаған киімді қайтармайтынын жеткізген.
Бұл мәселеге “Қыз Жібек” фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Меруерт Өтекешова да пікір білдіріп, ұлттық кино мұрасына қатысты өз ойын айтқан болатын.
"Қыз Жібек" – қазақ киносының мәңгілік жауһары
"Қыз Жібек" – қазақ кино өнерінің тарихында ерекше орны бар көркем туынды. 1970 жылы "Қазақфильм" киностудиясында түсірілген екі бөлімді фильм ұлттық мәдениет, салт-дәстүр және рухани құндылықтарды көркем бейнелеуімен көрермен жүрегінен орын алды. Фильмнің режиссері – Сұлтанахмет Қожықов, сценарий авторы – Ғабит Мүсірепов.
Кинотуындыда басты рөлдерді Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков және Асанәлі Әшімов сомдады. Ал фильмнің әсерлі музыкалық әлемін қазақтың әйгілі композиторы Нұрғиса Тілендиев қалыптастырды. Актерлердің шебер ойыны, ұлттық бояуға бай көріністер мен терең әуендер шығарманың көркемдік деңгейін биіктете түсті.
Фильмнің оқиғасы қазақтың әйгілі лиро-эпостық жырына негізделген. Бірінші бөлімде Базарбайдың ұлы Төлеген өзіне лайық жар іздеп, Сырлыбай ханның қызы Жібекке ғашық болады. Алайда қызғаныш пен іштарлық қос ғашықтың тағдырына тосқауыл болып, Бекежанның қолынан Төлеген қаза табады. Бұл қайғылы оқиға Жібектің өміріне ауыр із қалдырады.
Екінші бөлімде Төлегеннің інісі Сансызбай ағасының арманын жалғап, ел намысын қорғау жолында күреседі. Ол жауға қарсы шығып, Жағалбайлы жұртының азаттығы үшін шайқасады.
"Қыз Жібек" фильмінде қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, киім үлгісі, салт-дәстүрі, махаббатқа адалдық, ерлік пен елдік идеясы кеңінен көрініс тапқан. Сол себепті бұл туынды тек тарихи-эпикалық фильм ғана емес, қазақтың ұлттық болмысын, эстетикалық талғамын және рухани әлемін танытатын бағалы мұра саналады.
Бүгінде "Қыз Жібек" қазақ киносының классикалық туындысына айналып, ұлттық мәдениеттің алтын қорынан берік орын алды. Фильм әлі күнге дейін көрермен үшін махаббаттың, сұлулықтың, ерліктің және қазақы рухтың символы ретінде бағаланады.