24 жастағы Замира Мұхамедьярова – Төтенше жағдайлар министрлігі авиациясында еңбек етіп жүрген жас ұшқыштардың бірі. Ақтөбеде туып-өскен ол бүгінде "Қазавиақұтқару" АҚ құрамында Ми-2 тікұшағының екінші пилоты болып жұмыс істейді, деп хабарлайды Malim.kz.
Qumash мәліметінше, Замираның ұшқыш болуға деген қызығушылығы 14-15 жасында пайда болған. Мектепті аяқтағаннан кейін ол Азаматтық авиация академиясына оқуға түседі. Қыздың айтуынша, оқу оған аса қиындық тудырмаған.
Төртінші курстың соңына қарай оның ұшу тәжірибесі 155 сағатқа жеткен. Академияда тікұшақ ұшқышы мамандығында білім алған жеті студенттің үшеуі ғана оқуын аяқтаған. Замира сол топтың старостасы болған.
Авиация саласындағы еңбек жолын ол 2024 жылдың соңында бастаған. Қазір Шығыс Қазақстан облысында қызмет атқарып, өрт сөндіру жұмыстарына және санитарлық авиация рейстеріне қатысады.
Замираның айтуынша, олардың жұмысында "алтын сағат" қағидасы бар. Шақырту түскеннен кейін экипаж 60 минуттан кешікпей көкке көтерілуі керек.

Осы уақыт аралығында ұшқыштар медициналық тексерістен өтіп, ауа райы туралы мәлімет алады, тікұшақтың техникалық жағдайын тексереді және қажет болған жағдайда жанармай құяды. Әдетте барлық дайындыққа шамамен 30 минут кетеді.