freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Қазақстан дайын технологияны тұтынушы ел болып қалмауы керек" – Риззат Тасым

Сұқбат
"Қазақстан дайын технологияны тұтынушы ел болып қалмауы керек" – Риззат Тасым
Риззат Тасым. Фото: жеке мұрағаттан

Қазақстандық қоғамдық даму институты Институционалды талдау және реформалар орталығының директоры, саясаттанушы Риззат Тасым биылғы Президент Жолдауында цифрландыру, жасанды интеллект, инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа саяси институттардың тиімді жұмыс істеуі негізгі бағыттардың біріне айналуы мүмкін екенін айтты. Сарапшының пікірінше, ендігі басты міндет – технологиялық мүмкіндіктерді экономикалық өсім мен халықтың өмір сапасын арттыруға бағыттау.

– Соңғы жылдары Президент Жолдауларында цифрландыру, жасанды интеллект, мемлекеттік басқарудың тиімділігі және экономиканы технологиялық тұрғыдан жаңғырту мәселелері тұрақты көтеріліп келеді. Сіздің ойыңызша, биылғы Жолдауда осы бағыттардың қайсысы жаңа деңгейге шығуы мүмкін және Қазақстан үшін қазір ең маңызды стратегиялық басымдық қандай болуы керек?

– Ең алдымен, Қазақстан халқына Жолдау – Президенттің Конституцияда бекітілген міндетімен қатар, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын стратегиялық басқару құралы екенін атап өтсем. 2019-2025 жылдардағы Жолдауларды біртұтас саяси-басқарушылық цикл ретінде қарастырсақ, реформалардың сабақтастыққа негізделген логикасын аңғаруға болады. Әрбір жаңа Жолдау алдыңғы бастамаларды жоққа шығармай, оларды толықтырып, жарияланған қағидаттарды нақты институционалдық шешімдер деңгейіне көтеріп отырды.

Бұл эволюцияны шартты түрде бірнеше кезеңге бөлуге болады. Алғашқы кезеңде саяси жүйені жаңғыртуға, азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысуын кеңейтуге және билік институттарының есептілігін арттыруға басымдық берілді. 2023-2024 жылдары саяси қайта құрулардан мемлекеттік аппарат пен экономиканың тиімділігіне қарай бетбұрыс жасалды. Күн тәртібіне демонополизация, өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық саясат, салық реформасы, кәсіпкерлікті қолдау, сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидаты шықты.

2025 жылғы Жолдау институционалдық жаңғырудан мемлекетті технологиялық тұрғыдан жаңғырту кезеңіне өтуді белгіледі. Жасанды интеллект, мемлекеттік басқаруды цифрландыру, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және «Alatau City» жобасы Қазақстанның жаңа бәсекеге қабілеттілік моделінің құрамдас бөлігі ретінде ұсынылған еді. 

Осы кезеңдегі ең ауқымды бағыттардың бірі парламенттік реформа болды. Президент Жолдауынан басталған конституциялық өзгерістер референдумда жаңа Конституцияның қабылдануы, негізгі конституциялық заңдардың бекітілуі және Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауын өткізумен жалғасты. Қазіргі уақытта жаңа конституциялық органдарды қалыптастыруды қамтитын институционалдық өзгерістер аяқталу сатысына шықты.

Сондықтан биылғы Жолдауда цифрландыру мен жасанды интеллект мемлекеттік басқаруды, экономиканы және қоғамдық қызметтерді жүйелі түрде жаңғыртатын негізгі құралдардың бірі ретінде айқындалуы ықтимал. Өйткені бұл бағыттың қажетті заңнамалық әрі басқарушылық негіздері қалыптасты, арнайы министрлік құрылып, Цифрлық кодекс қабылданды. Ендігі маңызды міндет – құрылған институционалдық архитектураны нақты мазмұнмен және өлшенетін нәтижелермен толықтыру. Меніңше, Қазақстан үшін қазіргі басты стратегиялық басымдық – технологиялық мүмкіндіктерді экономикалық өнімділіктің өсуіне және азаматтардың өмір сапасының жақсаруына бағыттау.

Оған қоса жасанды интеллектіні енгізу үш негізгі міндетпен қатар жүруі қажет: ұлттық деректер инфрақұрылымын қалыптастыру, адами капиталды даярлау және технологиялық тәуелсіздікті күшейту. Қазақстан дайын цифрлық шешімдерді тұтынушы ел деңгейінде қалмай, өз деректеріне, отандық инженерлік мектебіне және төл технологиялық өнімдеріне сүйенетін мемлекетке айналуы керек.

– Бұл жолғы Жолдаудың мән-мазмұны бұрынғыдан ерекше болары анық. Себебі жаңа Құрылтай құрылды, Үкімет тарап, қайта жасақталды, вице-президент те белгілі болды. Бұл жолғы Жолдаудың ең үлкен бір өзгеріс әкелетін бағыты қандай деп ойлайсыз? 

– Менің пайымдауымша, осы жолғы Жолдаудың басты ерекшелігі жаңа конституциялық және саяси архитектура жағдайында мемлекетті дамытудың практикалық кезеңін бастаумен байланысты болады. Жаңа Құрылтай құрылды, Үкімет қайта жасақталды, вице-президент институты енгізілді. Ендігі міндет жаңарған институттардың өзара іс-қимылын жолға қойып, реформаларды нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижелерге айналдыру.

Президент Құрылтайдың алғашқы отырысында Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыру қажеттігін айтқан болатын. Сондықтан алдағы Жолдауда инфрақұрылымдық және қоғамдық құрылыста ауқымды серпіліс жасауға мүмкіндік беретін жаңа жобалар жариялануы ықтимал. Бұл құндылықтық бағдарды қайта айқындау, тұрғын үй және коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту, жолдар мен көлік дәліздерін дамыту, энергетикалық және су нысандарын салу, әлеуметтік объектілердің қолжетімділігін арттыру бағыттарын қамтуы мүмкін.

Мұндағы негізгі өзгеріс жекелеген нысандар салумен шектелмеуі керек. Құрылыс саясаты өңірлерді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, отандық өндірісті қолдауға және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған тұтас экономикалық модельге айналуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Жолдаудан елдің инфрақұрылымдық келбетін жаңартатын және экономикалық өсімге ұзақ мерзімді серпін беретін ірі бастамалар күтуге негіз бар.

– Қоғамдық даму институтының сарапшысы әрі реформалар орталығының директоры ретінде айтыңызшы, бұл жолғы Жолдауда қоғам күтетін маңызды қандай тағы ерекше мәселелер айтылуы мүмкін?

– Мені қуантатын басты өзгеріс – қоғамның Жолдауға деген көзқарасының біртіндеп өзгеруі. Мойындауымыз керек, бұрын көпшілік Жолдаудан ең алдымен өзіне тиесілі жеңілдіктер мен әлеуметтік қолдау шараларын күтетін. Қазір азаматтарды «маған қандай мүмкіндік беріледі?» деген сұрақпен қатар, «елдің даму бағыты қандай болады және ортақ мақсаттарға жету үшін қоғам ретінде не істеуіміз керек?» деген мәселе көбірек толғандыра бастады. Бұл қоғамдық сананың жауапкершілік пен ортақ іске жұмылу бағытына қарай өзгеріп келе жатқанын көрсететін маңызды белгі.

Әлеуметтанулық зерттеулерден аңғарылатын тұрақты тағы бір заңдылық, азаматтар нәтижесін өз өмірімен тікелей байланыстыра алатын бастамаларға барынша қолдау білдіретіні. Мәселен, соңғы жылдары «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы, зейнетақы мен студенттік шәкіртақыларды арттыру, Жұмысшы мамандықтары жылы және «Келешек» жүйесі қоғам тарапынан жоғары қолдауға ие болды.  2025 жылғы Жолдаудан кейін қоғамның назары жасанды интеллектіні енгізу және экономиканы ауқымды цифрлық жаңғырту жөніндегі бастамаларға көбірек аударыла бастады. Бұл қоғамның әлеуметтік қолдау шараларымен қатар, елдің ұзақ мерзімді технологиялық және экономикалық даму мәселелеріне де қызығушылық танытып отырғанын аңғартады.
 

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу