Біржан Ескендірұлы Хасанғалиев Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы директорының менеджмент және маркетинг жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы оның Instagram парақшасында хабарланды.
Мәліметке сәйкес, тиісті шешімді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті қабылдаған.
"Біржан Ескендірұлын жаңа қызметімен шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық шабыт, толағай табыс және жаңа белестер тілейміз! Жаңа қызметіңіз жемісті болсын!" – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін Біржан Хасанғалиев Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты білім беру ұйымын басқарған көпжылдық қызметін аяқтағанын мәлімдеген.
Біржан Хасанғалиев кім?
Біржан Ескендірұлы Хасанғалиев – қазақстандық әнші, музыкант, композитор және мәдениет саласының ұйымдастырушысы. Ол 1978 жылы 1 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген.
Біржан Хасанғалиев өнерлі отбасында өскен. Оның әкесі – белгілі композитор, Қазақ КСР халық әртісі Ескендір Хасанғалиев. Анасы Дарико Хасанғалиева медицина саласында еңбек еткен. Сондықтан оның музыкаға қызығушылығы бала кезінен қалыптасқан.
1993-1997 жылдары П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің музыкалық теория бөлімінде білім алды. Кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқып, музыка және теориялық пәндер оқытушысы әрі композитор мамандығын меңгерді.
Сонымен қатар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде құқықтану мамандығы бойынша жоғары білім алған. Кейін Экономика және статистика академиясының магистратурасын тәмамдап, басқару саласындағы білімін толықтырды.
Біржан Хасанғалиев еңбек жолын 2002 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияда оқытушы болып бастады. 2004-2015 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде оқытушы және аға оқытушы қызметтерін атқарды. 2010-2013 жылдары осы оқу орнында доцент міндетін де атқарған.
Кейін Ескендір Хасанғалиев атындағы студияға жетекшілік етті. 2015 жылы "Астана Опера" театры директорының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Одан кейінгі жылдары мәдениет және білім беру саласында бірқатар басшылық қызмет атқарды. П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжін басқарды. Сондай-ақ Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжіне жетекшілік етті.
Біржан Хасанғалиев шығармашылық және кәсіби еңбегі үшін бірнеше марапатқа ие болған. 2012 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қоры сыйлығының лауреаты атанды. 2016 жылы оған "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілді. 2017 жылы "Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері" атағымен марапатталды.
Бүгінде Біржан Хасанғалиев өнер, білім және мәдени менеджмент салаларын қатар алып жүрген мәдениет қайраткерлерінің бірі саналады. Ол отбасылы, бір қыз тәрбиелеп отыр.