Орал қаласында Қазақстанның халық әртісі, "Парасат" және "Құрмет" ордендерінің иегері, белгілі театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешованың 75 жылдық мерейтойына арналған "Қазақтың Қыз Жібегі" атты шығармашылық кеш өтті, деп Malim.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
А.Н. Островский атындағы драма театрында ұйымдастырылған рухани кешке көрермен көп жиналды. Залда бос орын қалмай, Ақжайық жұрты қазақ өнерінің көрнекті өкіліне ерекше құрмет көрсетті.
Мерейтойлық кездесу "Қыз Жібек" фильміндегі әйгілі "Гәкку" әнімен ашылды. Әсерлі әуен мен ұлттық нақыштағы би көрерменді өнер әлеміне жетеледі.
Кеш барысында Меруерт Өтекешованың театр мен кинодағы шығармашылық жолы, қазақ мәдениетінің дамуына қосқан үлесі кеңінен айтылды. Экраннан актрисаның өнер жолына арналған мұрағаттық бейнематериалдар көрсетілді.
Көрермен қазақтың Қыз Жібегі атанған актрисамен жүздесіп, оның естеліктерін тыңдады. Халықтың ыстық ықыласына толқыған Меруерт Өтекешова бір сәтте көзіне жас алып, ерекше әсерге бөленді.
Мерейтой аясында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі өнер иесіне ақ тұлпар мінгізіп, құрмет көрсетті.
Шығармашылық кеш театрландырылған қойылымға ұласып, қазақ өнерінің мәртебесін асқақтатқан тағылымды басқосуға айналды.
Еске сала кетейік, қазақ киносының белгілі актері Досхан Жолжақсынов "Қыз Жібек" фильміндегі камзолдың тағдырына қатысты пікір айтқан. Бұл мәселеге “Қыз Жібек” фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Меруерт Өтекешова да пікір білдіріп, ұлттық кино мұрасына қатысты өз ойын айтқан болатын.
"Қыз Жібек" – қазақ киносының алтын қорындағы өлмес туынды
"Қыз Жібек" – қазақ кино өнерінің тарихында ерекше орын алатын классикалық фильмдердің бірі. Бұл туынды 1970 жылы "Қазақфильм" киностудиясында түсірілді.
Екі бөлімнен тұратын картинаның режиссері – Сұлтанахмет Қожықов. Ал фильмнің сценарийін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Ғабит Мүсірепов жазған.
Эпостық-драмалық жанрдағы фильм қазақ тілінде түсіріліп, ұлттық киноның ең көрнекті шығармаларының біріне айналды.
Картинада басты рөлдерді Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков және Асанәлі Әшімов сомдады. Фильмге музыка жазған – әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиев.
Туындының желісі қазақтың әйгілі лиро-эпостық жыры негізінде өрбиді. Оқиға Базарбайдың ұлы Төлегеннің өзіне лайық жар іздеуінен басталады. Ол көптеген арудың арасынан Сырлыбайдың қызы Жібекті таңдап, екеуінің арасында шынайы махаббат оянады.
Алайда қызғаныш пен сатқындық ғашықтардың тағдырын өзгертеді. Бекежан Төлегенді өлтіріп, бұл қайғылы оқиға Жібектің өміріне ауыр соққы болып тиеді.
Фильмнің екінші бөлімінде Төлегеннің інісі Сансызбай ел намысын қорғап, жауға қарсы күреске шығады. Ол ағасының арманын жалғап, Жағалбайлы елінің азаттығы жолында шайқасады.
"Қыз Жібек" фильмінде қазақ халқының салт-дәстүрі, ұлттық дүниетанымы, махаббат пен адалдық, ерлік пен намыс сияқты құндылықтар терең көрініс тапқан.
Бүгінде бұл фильм қазақ киносының алтын қорына енген мәңгілік жауһар туынды ретінде бағаланады.