Маңғыстау облысында өткен әскери оқу-жаттығу кезінде 12 әскери қызметші қаза тапты. Үш адам құтқарылды, тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары Каспий теңізінде тәулік бойы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
25 қыркүйек таңындағы мәлімет бойынша, із-түзсіз кеткен екі әскери қызметші әлі табылған жоқ.
Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Ведомство жариялаған тізімге сәйкес, қайғылы оқиға салдарынан аға лейтенант Олжас Мұхтарұлы, сондай-ақ матростар Сержан Талғатұлы Аяпберген, Өмірбек Өмірболатұлы Өмірзақ, Алмас Жүсіпұлы Көбенов, Ақылбек Қабденұлы Төлеген, Жеңіс Тлеуұлы Темірғалиев, Мейрамбек Ермұханұлы Бердіханов, Әсет Саматұлы Жаңаба, Азамат Болатбекұлы Мәдіхан, Дастан Нұрболұлы Бегей, Ақжайық Болатбекұлы Гилаж және Олжас Тәжібайұлы Диханбаев қаза тапқан.
Каспийде ауқымды іздеу операциясы жүріп жатыр
Үкіметтік комиссия төрағасы, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасымен Каспий теңізінің акваториясында іздеу-құтқару операциясы тәулік бойы жүргізіліп жатыр.
Іздеу жұмыстарына 252 адам, 34 арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер және 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылған. Олардың арасында төрт тікұшақ бар.
Мамандар теңіз акваториясын, жағалау аумағын және оған іргелес жерлерді үздіксіз тексеріп жатыр. Әуеден де бақылау жүргізілуде.
Оқиға орнындағы іздеу-құтқару жұмыстарына Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жетекшілік етуде. Жедел штаб құрамына Қорғаныс министрлігі, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі және Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері кірген.
17 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен
Ресми мәлімет бойынша, әскери қызметшілер оқу-жауынгерлік тапсырманы орындап жатқан кезде ауа райы кенеттен күрт нашарлап, қатты жел соққан. Соның салдарынан 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен.
Олардың үшеуін құтқару мүмкін болды. 12 әскери қызметші қаза тапты, ал екі адамды іздеу жалғасып жатыр.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, барлық себеп пен мән-жайды анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр. Қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге материалдық әрі психологиялық көмек көрсетілетіні хабарланды.