Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Жүрегім қан жылап тұр": Қайрат Нұртас елімізді толқытқан қайғылы жағдай туралы айтты

Қоғам •
"Жүрегім қан жылап тұр": Қайрат Нұртас елімізді толқытқан қайғылы жағдай туралы айтты
Қайрат Нұртас. Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Әнші Қайрат Нұртас Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіге байланысты әлеуметтік желіде жазба жариялап, марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесі сарбаздардың қазасы ауыр тигенін айтып, болған жағдайға байланысты жауапкершілік пен тәртіп мәселесін көтерді.

"Ер ел деп туады! Отан – анаң, Отан – балаң, Отан – үйің! Ол үшін жаныңды бер деп өсірді. Елім үшін жау алдында жан құрбан. Бірақ кешегі 14 сарбаздың өлімін еш ақтап ала алмаймыз. Жүрегім қан жылап тұр. Аналарды қалай жұбатамыз? Елге не айтып ақталамыз? Қатер айтып келмейді, алайда қайтып келеді. Өзгеріс пен тәртіп керек. Қыршын кеткен боздақтардың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Қабырғамыз қайысты…" – деп жазды Қайрат Нұртас Instagram парақшасында.

Әнші марқұмдардың отбасыларына қайғырып көңіл айтып, мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін өзгеріс пен тәртіп қажет екенін жеткізді.

Каспийдегі қайғылы оқиға қалай болды?

Қайғылы жағдай 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болды.

Нақтыланған мәлімет бойынша, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметші Каспий теңізіне кеткен. Олардың үшеуі құтқарылды.

Алғашқы уақытта 12 әскери қызметшінің қаза тапқаны, тағы екі сарбаздың іздестіріліп жатқаны хабарланған еді. 25 қыркүйек күні шамамен сағат 09:15-те жүргізілген іздеу-құтқару жұмыстары кезінде жоғалған екі әскери қызметшінің де денесі табылды.

Осылайша, қайғылы оқиғадан қаза тапқан әскери қызметшілердің саны 14 адамға жетіп, іздестіру-құтқару операциясы аяқталды.

Оқиғаның себептері мен барлық мән-жайын анықтау үшін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқаратын арнайы Үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия алғашқы отырысын 24 қыркүйек күні сағат 22:30-да өткізді.

Әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – "Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау" және 465-бабы – "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, олардың отбасыларына қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

Мемлекет басшысының өкімімен 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Қайрат Нұртас кім?

Қайрат Нұртас – қазақ эстрадасының танымал әншілерінің бірі. Ол 1989 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Өнерге бала кезінен қызығып, сахнаға ерте шыққан.

Кейін эстрада-цирк колледжінде білім алып, кәсіби музыка жолын жалғастырды. 2007 жылдан бастап оның әндері кеңінен таралып, тыңдарман арасында танымалдығы арта түсті. "Махаббат мұңы", "Тәтті сезім", "Еркетай қарындасым", "Аллаға шүкір" секілді әндері көпшілікке жақсы таныс.

2008 жылы Алматыда алғашқы жеке концертін өткізді. Кейін Қазақстанның түрлі қалаларында және шетелде өнер көрсетіп, қазақ эстрадасындағы танымал орындаушылардың біріне айналды.

Қайрат Нұртас әншілікпен қатар кино саласында да бой көрсетті. Ол бірнеше фильмге түсіп, актер ретінде де танылды. Солардың қатарында "Өкініш" фильмі бар.

Өнер иесі шығармашылық жолында түрлі музыкалық марапаттарға ие болған. 2016 жылы "Құрмет" орденімен марапатталды.

Қайрат Нұртас – көпбалалы әке. Оның жұбайы – актриса Жұлдыз Әбдікәрімова. Әнші бүгінде де шығармашылықпен айналысып, концерттер мен түрлі жобаларға қатысып келеді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу