Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Жағаға өз күшімен жеткен": Каспийдегі оқиғадан аман қалған сарбаздың анасы шындықты айтты

Қоғам •
"Жағаға өз күшімен жеткен": Каспийдегі оқиғадан аман қалған сарбаздың анасы шындықты айтты
Бекет Қуандық. Фото: Ақжайық

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған 19 жастағы сарбаз Бекет Қуандықтың жағдайы жақсы. Оның анасы ұлының сын сағатта өз күшімен жағаға жеткенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

"Ақ Жайық" басылымының мәліметінше, Бекет Қуандық – Атырау облысы Махамбет ауылының тумасы. Ол 2025 жылғы 3 қазанда әскер қатарына шақырылып, №29011 әскери бөлімінде қызмет еткен.

Алғашында туыстары Бекеттің аман қалғанын білгенімен, оны ауруханаға жеткізді деп ойлаған. Отбасы қайғылы оқиға туралы ести сала Ақтауға аттанған. Тек келесі күні ұлымен кездескен кезде оның ауруханада жатпағаны белгілі болған.

Сарбаздың анасы Қарлығаш Мырзғалиеваның айтуынша, Бекеттің қазіргі жағдайы жақсы.

"Аллаға шүкір, ұлым аман. Таңертең Ақтауға келіп, өз көзімізбен көрдік. Ол дін аман, өздігінен жүріп-тұрады. Сын сағатта өз күшімен жағаға жеткен. Қалған жағдайлар тексерістен кейін белгілі болады. Балаларымыз әлі жас, бұл оқиға олардың өмір бойы есінде қалады", – деді Қарлығаш Мырзғалиева.

Ол қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына да көңіл айтты.

"Бұл бүкіл Қазақстан үшін өте ауыр қайғы. Қазір әке-шешелерінің қандай күйде екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Барлық қаза болған жігіттердің әке-шешелеріне шын жүректен қайғырып көңіл айтамын. Енді ешкім мұндайды бастан кешірмесін", – деді ол.

Каспийдегі қайғылы оқиға қалай болды?

Қайғылы жағдай 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болды.

Соңғы нақтыланған ресми мәліметке сәйкес, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметші теңізге кеткен. Үшеуін құтқару мүмкін болды.

Алғашқы уақытта 12 әскери қызметшінің қаза тапқаны және тағы екі адамның іздестіріліп жатқаны хабарланған. 25 қыркүйек күні шамамен сағат 09:15-те үздіксіз жүргізілген іздеу-құтқару жұмыстары кезінде бұған дейін жоғалған тағы екі әскери қызметшінің денесі табылды. Осылайша қаза болғандар саны 14 адамға жетіп, іздеу операциясы аяқталды.

Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен арнайы Үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия 24 қыркүйекте сағат 22:30-да алғашқы отырысын өткізді.

Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – "Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау" және 465-бабы – "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу оқиғаның барлық жағдайын анықтауға тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтып, олардың отбасыларына қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Президенттің өкімімен 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу