Әнші Димаш Құдайберген Ақтауда қаза тапқан жас әскери қызметшілерге байланысты көңіл айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі марқұмдардың қазасы өзіне ауыр тигенін айтып, оларды "інілерім" деп атады.
"Біздің Ақтауда көз жұмған 18-19 жасар інілерімді қимай, жүрегім ауырып, айтуға сөз таба алмай отырмын. Балалық кезеңнен енді ғана шығып келе жатқан кезде жап-жас ғұмырлардың осылайша үзіліп кеткені…" – деп жазды Димаш Құдайберген.
Әнші қаза болған жастардың ата-анасы мен туған-туыстарына көңіл айтып, оларға сабыр тіледі.
"Інілерімнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Жандары жәннатта болсын", – деді ол.
Димаш мұндай қайғылы жағдай енді қайталанбауын тілеп, ешбір ата-анаға баласының артында қалу қасіретін көрсетпеуін сұрады.
"Ешбір ата-ана баласының артында қалмасын… Елімізде мұндай қасірет енді қайталанбасын", – деп жазды әнші.
Сөз соңында Димаш Құдайберген марқұм жастарға:
"Қош болыңдар, бауырларым…" – деп қоштасты.
Еске сала кетейік, Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев әлеуметтік желіде коучтар мен психологтардың қоғамға ықпалына қатысты пікір білдірген.
Димаш Құдайберген кім?
Димаш Құдайберген – қазақ өнерін әлемдік сахнада танытып жүрген танымал әнші. Ол ерекше вокалдық мүмкіндігі, кең дауыс диапазоны және өзіндік орындаушылық мәнері арқылы халықаралық аудиторияға кеңінен танылды.
Әнші 1994 жылы Ақтөбе қаласында өнерлі отбасында дүниеге келген. Әкесі Қанат Айтбаев пен анасы Светлана Айтбаева музыка және мәдениет саласында еңбек еткен. Димаштың өнерге қызығушылығы бала кезінен қалыптасып, ол жас кезінен түрлі музыкалық байқауларға қатысып, сахнада өнер көрсете бастады.
Димаш Құдайбергеннің басты ерекшеліктерінің бірі – кең дауыс диапазоны. Ол эстрадалық, классикалық және халық әндерін орындап, бірнеше музыкалық бағытта өнер көрсетеді.
Әнші қазақ, орыс, ағылшын, француз, қытай және басқа да тілдерде ән орындайды.Димаштың халықаралық деңгейде танылуына 2015 жылы "Славян базары" байқауында бас жүлде иеленуі үлкен серпін берді.
Кейін ол Қытайдағы "Singer" музыкалық жобасына қатысып, миллиондаған көрерменнің назарына ілікті.
Осы жобадан кейін әншінің халықаралық танымалдығы артып, ол әлемнің түрлі елдерінде жеке концерттер өткізе бастады.
Бүгінде Димаш Құдайберген Қазақстанның әлемдік сахнада танымал өнер өкілдерінің бірі. Оның шығармашылығында ұлттық музыка мен заманауи музыкалық бағыттар қатар көрініс табады.