Әнші Садраддин Маңғыстау облысында болған қайғылы жағдайға байланысты Алматыда өтетін концерттерінің күнін ауыстырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, 26 қыркүйекке жоспарланған концерт 27 қыркүйекке, ал 27 қыркүйекте өтуі тиіс концерт 28 қыркүйекке шегерілген.
"Құрметті алматылықтар, қала қонақтары, тыңдармандарым! Маңғыстау облысында орын алған қайғылы жағдайға байланысты 26 қыркүйекке жоспарланған концертім 27 қыркүйекке, ал 27 қыркүйекке жоспарланған концертім 28 қыркүйекке ауыстырылатынын хабарлаймыз", – деп жазды Садраддин.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы жағдай болды. Алғашқы мәлімет бойынша тоғыз әскери қызметші қаза тауып, үш адам құтқарылған еді.
Кейін іздестіру-құтқару жұмыстары барысында қаза тапқандар саны артты. 25 қыркүйекте бұған дейін із-түзсіз жоғалған сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері табылып, қаза болған әскери қызметшілердің жалпы саны 14 адамға жетті. Осыдан кейін Каспийдегі іздестіру жұмыстары аяқталды.
Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.