Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында болған жантүршігерлік оқиғаға қатысты жаңа мәліметтер пайда болды. Өз үйлерінен өлі күйінде табылған зейнеткер ерлі-зайыптылардың туыстары күдікке ілінген қыздары Ақбаянның тірі табылғанына шүкіршілік етіп отыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұған дейін із-түзсіз кеткен Ақбаян Мұқанғалиева мен оның азаматтық некедегі жұбайы Сұлтан Сәрсемәлиев Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында ұсталғаны хабарланған. Қазір оларды Қазақстанға қайтару мәселесі қарастырылып жатыр.
Марқұм Мақсот Мұқанғалиевтің қарындасы Асыла Мұқанғалиеваның айтуынша, жақындары Ақбаянның ата-анасының өліміне қатысы бар дегенге сенбейді. КТК телеарнасының мәліметінше, туыстары үшін ең бастысы – оның аман табылғаны. Енді олар із-түзсіз кеткен Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның тағдыры анықталса екен деп үміттеніп отыр.
Жақындарының сөзінше, Ақбаян мінезі жуас, балажан адам болған. Сондықтан олар оның ата-анасына қасақана зиян келтіруі мүмкін дегенге күмәнмен қарайды. Кейбірі "күйеуінің ықпалында болуы мүмкін" деген болжам айтады.
Отбасы мүшелері балалардың жан-жаққа бөлініп кеткеніне алаңдаулы. Егер Ақбаян елге оралатын болса, оның бес баласын қайтадан бауырына басуына қолдан келген көмекті көрсетуге дайын екендерін жеткізген.
Еске салсақ, бір үйдің төрт мүшесі жоғалып кеткені туралы хабар қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызған еді. Кейіннен зейнеткер ерлі-зайыптылардың мәйіттері өз ауласындағы шаруашылық нысанынан шамамен бір метр тереңдіктен табылды. Ал олардың ұлы мен қызы – Наурыз бен Мейрамгүл әлі күнге дейін табылмаған.
Индонезия полициясының мәліметінше, Сәрсемәлиев пен Мұқанғалиева 2025 жылдың 14 желтоқсанында Малайзияның Куала-Лумпур қаласынан Бали аралына ұшып барған. Кейін олар Ломбокқа қоныс аударып, ұсталғанға дейін сол жерде тұрған.
Ломбоктағы қонақүйге арнайы жасақ кірген кезде Сәрсемәлиев қашуға әрекет жасағанымен, оқиға орнында ұсталған. Операцияға Интерполдың Индонезиядағы Ұлттық орталық бюросы, Солтүстік Ломбок полициясы және көші-қон қызметі қатысқан.
Қазіргі уақытта екі күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау рәсімі жүргізілуде.