Malim.kz
Қоғам

"Азамат маған есеппен үйленді": Назгүл Қарабалина ешкімге айтпаған отбасылық сырын айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
Malim.kz коллажы. Суретте: Назгүл Қарабалина мен Азамат Сатыбалды

Актриса, продюсер, режиссер, "Дарын" мемлекеттік сыйлығының және "Тарлан" сыйлығының лауреаты Назгүл Қарабалина жеке өміріне қатысты көпшілік білмейтін сырын бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы отбасына қатысты орынсыз сұрақ қоятын адамдарға ренішін білдірді. Оның айтуынша, кейбір жандар "неге бір баладан артық тумадың?" деп сұрайды.

"Маған неге бір баладан артық тумадың деп сұрақ қоятындарды қандай адам деп айтсам екен? Оны надандық дейміз бе, білімсіздік дейміз бе, одан жоғарылатып айту қиын сияқты. Құдай солай берді, оған қарсы келе аламыз ба? Ұлымыз өсіп келе жатыр, оған шүкіршілік дейміз. Маған жақын адамдар жеке сұрақ қоймайды, бірақ алыстау адамдар мен туралы бәрін білгісі келеді", – деді актриса.

Сонымен қатар Назгүл Қарабалина алғашқы күйеуі Азаматқа өзі ғашық болғанын ашық айтты. Оның сөзінше, академияда оқып жүрген кезде Азамат оған бірден көңіл бөлмеген.

"Шыны керек, академияда оқып жүргенде Азамат мені онша ұнатқан емес. Азаматқа алғаш ғашық болған мен болатынмын. Жасыратын ештеңесі жоқ. Азаматтың маған көңілі ауса екен, көрсе екен, байқаса екен деген сәттер болды", – деді ол.

Актриса сол кезде Азаматқа арнап альбом жасағанын да айтты. Онда ол Алладан екеуінің қосылуын тілеп, болашақта оның ата-анасына қамқор болуға дайын екенін жазған.

"Азамат ол кезде басқа қызды ұнатып жүретін. Мен альбомыма "О, Алла Тағала! Егер де Азамат маған назар аударса, біз екеуіміз үйленсек, оның зейнеткер ата-анасына қарайтын едім. Оның көпбалалы жанұядан екенін білемін. Тоғыз ағайынымен жақсы қарым-қатынаста боламын. Маған тек қана екеуіміздің қосылуымызды нәсіп етші" деп жазатынмын", – деді Назгүл Қарабалина.

Өнер иесінің айтуынша, бір күні Азамат сол жазбаларды оқып қойған. Содан кейін оның көзқарасы өзгерген болуы мүмкін.

"Соны бір күні Азамат оқып қойыпты. Содан кейін ойланған болу керек. Ондай адам керек қой. Ол тек есеппен үйленді. Менің сезімім шынайы болды. Басында есеппен үйленді, қазір енді жақсы көреді", – деді актриса.

Назгүл Қарабалина жұбайының махаббатынан бөлек, қайын атасы мен енесінің мейірімін ерекше бағалайтынын айтты. Оның сөзінше, қайын атасы өткен жылы 90 жасқа келіп, өмірден өткен.

"Азаматтың сезімінен ең қымбаты – менің атамның мені жақсы көргені. Қайын атам былтыр 90 жасқа келіп, өмірден өтті. Пешенеме сондай адамға келін болуды жазғанына шүкіршілігімді айтамын. Ол абыз адам еді. Азаматтың сүйіспеншілігінен де қымбаты – атамның, қазір қолымда отырған енемнің сүйіспеншілігі", – деді Назгүл Қарабалина.

Еске сала кетейік, танымал актер Азамат Сатыбалды денсаулығы күрт нашарлап, жедел түрде ауруханаға түскенін мәлімдеген. Сондай-ақ Назгүл Қарабалина отбасылық өмірі мен ең үлкен армандарының бірі туралы ашық айтқан еді.

Назгүл Қарабалина кім?

Назгүл Қарабалина – қазақ театр және кино өнерінде өзіндік орны бар актриса, продюсер әрі режиссер. Ол Батыс Қазақстан өңіріндегі Ақжайық ауданына қарасты Шолохов ауылында дүниеге келген. Өнерге жақын болып өскен Назгүл Қарабалина кәсіби білімін Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы музыкалық училищеден бастады. Кейін Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алды.

2000 жылы Қостанай облыстық драма театрында дипломдық тәжірибеден өтіп, сахнадағы алғашқы кәсіби қадамдарын бекітті. 2001 жылдан бастап Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қызмет етіп келеді. Осы театр сахнасында ол қазақ классикасы мен әлемдік драматургиядағы түрлі бейнелерді сомдады. Актриса "Айман-Шолпан", "Абай", "Қозы Көрпеш – Баян сұлу", "Сыған серенадасы" сияқты қойылымдар арқылы көрерменге кеңінен танылды. Оның сахнадағы ерекшелігі – кейіпкердің ішкі әлемін нәзік жеткізе білуі және табиғи орындаушылық мәнері.

Назгүл Қарабалина тек театрмен шектелмей, кино саласында да бірқатар рөлдерді ойнады. Ашық деректерде оның "Дүние жарық", "Құрақ көрпе", "Үйрек жүрек", "Махамбет" және басқа да жобаларға қатысқаны көрсетіледі. Өнер иесі шығармашылық жолында актрисалықпен қатар продюсерлік және режиссерлік бағытта да еңбек етіп келеді. Назгүл Қарабалинаның еңбегі мемлекет және кәсіби орта тарапынан бірнеше рет бағаланды.

Ол 2002 жылы "Тарлан" тәуелсіз платиналы сыйлығының лауреаты атанды. 2010 жылы "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын иеленді. 2016 жылы "Құрмет" орденімен марапатталды. Ашық деректерде оның Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алғаны да көрсетіледі. Назгүл Қарабалина өнердегі табандылығы, сахнаға адалдығы және ұлттық театрдың дамуына қосқан үлесі арқылы танылған тұлға. Оның жұбайы – белгілі актер Азамат Сатыбалды, ал отбасы мен өнер жолы көпшілік назарында жиі айтылады. Бүгінде Назгүл Қарабалина қазақ сахнасындағы тәжірибелі актрисалардың бірі ретінде бағаланып, жас буын өнерпаздарға үлгі болып жүр.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары