Танымал актер Азамат Сатыбалдының жары, актриса Назгүл Қарабалина отбасылық өмірі мен ең үлкен армандарының бірі туралы ашық айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Актрисаның айтуынша, ол ұлының болашағына қатысты бір ғана үлкен арман ұстайды. Ол – баласының әкесі секілді тәрбиелі, ата-анасына құрметпен қарайтын азамат болып өсуі.
Назгүл Қарабалина күйеуінің анасына деген ерекше сыйластығын атап өтіп, оның бұл қасиетін әрдайым жоғары бағалайтынын жеткізді.
"Мама туралы айтқанда Азамат туралы айтқым келеді. Біздің баламыз өсіп келеді ғой. Егер менің балам Азаматтай болса, менің басқа арманым жоқ. Себебі Азамат ата-анасына тірі кезінде бар махаббатын, мейірімін, ықыласын берген адам. Бұл фильмін де Азамат өзінің анасына арнады. Анаға уақытылы құрмет көрсету, бата алу, сөйлесу, кешірім сұрау сияқты құндылықтарды жеткізгісі келді", – деп келтірді актрисаның сөзін Sn.kz сайты.
Өнер иесінің бұл сөздері желі қолданушыларының да көңілінен шықты. Көпшілік жұптың бір-біріне деген құрметі мен сыйластығына тәнті екенін жасырмады.
Желіде оқырмандар:
"Экранның ар жағынан-ақ тектілігі сезіледі", "Бірге әдемі қартайыңыздар", "Азаматтың бағы бес елі, Назгүлдей жары бар", "Назгүл үнемі жарын мақтап отырады", – деп жылы пікірлер қалдырды.
Айта кетейік, Назгүл Қарабалина 1977 жылы Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында дүниеге келген. Ол – актриса ғана емес, продюсер әрі режиссер. Өнер жолын кәсіби түрде жалғастырып келе жатқан актриса Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында көптеген маңызды рөлдерді сомдаған.
Өнер иесі ұлттық және әлемдік классикаға негізделген көптеген спектакльдерде ойнап, театр саласында үлкен тәжірибе жинаған. Сонымен қатар кино саласында да бірнеше жобада көрерменге танылды.
Назгүл Қарабалина – "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, тәуелсіз "Тарлан" сыйлығының иегері, сондай-ақ "Құрмет" орденімен марапатталған.