freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Шұғыл ота жасау керек, амал қалмады": Актер Азамат Сатыбалды ауруханаға түсіп қалды (ФОТО)

Қоғам
"Шұғыл ота жасау керек, амал қалмады": Актер Азамат Сатыбалды ауруханаға түсіп қалды (ФОТО)
ашық дереккөзден

Танымал актер Азамат Сатыбалды денсаулығы күрт нашарлап, жедел түрде ауруханаға түскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесінің айтуынша, бастапқыда өзін жайсыз сезінгенімен, жағдайының осындай деңгейге дейін ушығатынын күтпеген.

"Кім білген, "Сұлтан Бейбарыс" спектаклін ойнай алмай қаламын деп. Көрермендерден кешірім сұраймын. 19-ы "Зулейха" спектаклін ойнап үйге бардым. Келесі күні, Әуезов театрында спектакль ойнауым керек еді. Түнде 12-де басталды бір дүлей сырқат. Жанымды қоярға жер таппадым. Ішпеген дәрім жоқ. Содан таңғы төртке дейін алыстым. Болмады.

Жедел жәрдем шақыруға тура келді. Келген бойда дәрігерлер тексеріп бірден ота жасайтынын айтты. Әртіспісің дегендей, дәрігерге спектаклім бар еді, ертең жасасаңыз болмай ма дедім. Ол болса, бұл не деген сұмдық деп, басын ұстап таңғалды. Қандай спектакль, тез арада ота жасау керек деді. Көнбеске амал қалмады. Жан тәтті ғой. Не керек, бәрі сәтімен өтті. Қазір жағдайым жақсы, Аллаға шүкір. Дәрігерлерге алғысым шексіз, зыр жүгіріп бәрін жасап жатыр. Кезегімен келіп, жағдайымды сұрап кетеді. Алла разы болсын. Ауырмаңыздар", – деп жазды актер.

Сонымен қатар актер қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсіміне қатыса алмағанына өкініш білдірді.

"Бір әттеген-ай бар. Мұхтар ағамен қоштаса алмадым. Жақсы көретін ақыным. Нар тұлғалы қоғам қайраткері еді. Алла алдынан жарылқасын ағамызды. Жаныңыз жәннәттың төрінде шалқысын, асыл ағатай", – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, Азамат Сатыбалды – кино, театр және теледидар саласында өзіндік орны бар танымал актер. Ол Жамбыл облысында дүниеге келген. Өнер иесі М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры сахнасында еңбек етіп, бүгінде Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарып келеді. 2014 жылы актерге "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілген.

Бұған дейін актер Азамат Сатыбалдының жары, актриса Назгүл Қарабалина отбасылық өмірі мен ең үлкен армандарының бірі туралы ашық айтқан еді. Сондай-ақ Азамат Сатыбалды журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікір білдірген болатын.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу