Malim.kz
Қоғам

"Бауырым өлім мен өмір арасында жатыр": Қайрат Нұртасқа қатысты күтпеген хабар шықты

• Мадияр Қапанбек
Қайрат Нұртас. Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті кезінде болған қысылыстан кейін 18 жастағы қыз ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Оның туысы әлеуметтік желіде оқиғаға қатысты жазба жариялап, көпшіліктен дұға тілеуді сұрады, деп хабарлайды Malim.kz.

Туысының айтуынша, концертке жиналған қалың топ ішінде қыз құлап, адамдардың аяғының астында қалған.

"Адамды құлатып, өлім аузына жеткенше таптайтындай қалай сонша қатыгез болуға болады? Менің бауырымды не үшін ұрып, таптадыңыздар? Ол алты сағаттан бері жансақтау бөлімінде, өмір мен өлімнің арасында жатыр. Қазір бізге өте ауыр. Өтінемін, аман қалсын деп дұға етіңіздерші", – деп жазды ол.

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы 18 жастағы қыздың жағдайы ауыр екенін растаған.

Ресми мәлімет бойынша, науқасқа оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Кейін ол жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған. Қазіргі уақытта дәрігерлер оның жағдайын бақылап, қажетті ем жүргізіп жатыр.

Оқиға 10 қазанда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен Қайрат Нұртастың концерті кезінде болған.

Куәгерлердің сөзінше, концерт басталар алдында стадион кіреберісінде адам шамадан тыс көбейіп, қатты қысылыс болған. Әлеуметтік желілерде тараған жазбаларда кей адамдардың құлап, есінен танып қалғаны айтылған.

Желі қолданушылары мен концертке барған көрермендердің бір бөлігі іс-шара кезіндегі қауіпсіздік шараларына қатысты сұрақ көтерді. Әзірге концерт кезіндегі жағдайдың нақты себептері мен оған кімнің жауапты екеніне қатысты ресми қорытынды жарияланған жоқ.

Қайрат Нұртастың 11 жастағы ұлына сыйлаған көлігі қанша тұрады?

"Әкем де білмеді": Қайрат Нұртастың қызы Алматыдағы концертке қалай шыққанын айтты

Қайрат Нұртас кім?

Қайрат Нұртас – қазақ эстрадасындағы танымал әншілердің бірі. Ол 1989 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Музыкаға бала кезінен қызығып, сахнаға ерте шыққан.

Кейін эстрада-цирк колледжінде білім алып, кәсіби шығармашылық жолын жалғастырды. 2000-жылдардың екінші жартысынан бастап оның әндері көпшілікке кеңінен таралып, тыңдарман арасында танымалдығы арта түсті.

Қайрат Нұртастың репертуарында "Махаббат мұңы", "Тәтті сезім", "Еркетай қарындасым", "Аллаға шүкір" секілді әндер бар. Оның шығармалары негізінен махаббат, сағыныш, отбасы және адам сезімдері тақырыбына арналған.

2008 жылы Алматыда алғашқы жеке концертін өткізді. Кейін Қазақстанның түрлі қалаларында концерт беріп, шетел сахналарында да өнер көрсетті.

Әнші музыкамен қатар кино саласында да өзін сынап көрген. Ол бірнеше фильмде рөл сомдап, актер ретінде де көрерменге танылды. Сол туындылардың бірі – "Өкініш" фильмі.

Шығармашылық жолында Қайрат Нұртас түрлі музыкалық марапаттарға ие болды. 2016 жылы оған "Құрмет" ордені табысталды.

Өнер иесінің жұбайы – актриса Жұлдыз Әбдікәрімова. Қайрат Нұртас – көпбалалы әке.

Бүгінде әнші шығармашылығын жалғастырып, жаңа әндер ұсынып, концерттер мен түрлі музыкалық жобаларға қатысып келеді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары