Әнші Қайрат Нұртастың қызы Алау әкесінің Алматыдағы мерейтойлық концертінде сахнаға қалай шыққанын айтып, қызықты жайтпен бөлісті. Оның сөзінше, концертте өнер көрсететіні алдын ала жоспарланбаған, тіпті Қайрат Нұртастың өзі бұл туралы соңғы сәтте білген, деп хабарлайды Malim.kz.
Алау әлеуметтік желідегі парақшасында концертке дайындық сәттерін жариялады. Ол сахнаға шығу туралы шешім аяқ астынан қабылданғанын жеткізді.
"Бір қызық айтайын ба? Әкем менің концертте өнер көрсететінімді енді ғана білді", – деп жазды ол.
Алаудың айтуынша, ол сахналық биді небәрі бір сағаттың ішінде жаттап шыққан.
"Бір сағатта биді жаттап, шықтым. Сөйтіп-бүйтіп, барынша дайындалып, әдемі болып шығып алдым", – деді Қайрат Нұртастың қызы.
Ол өзін қолдаған жақындарына да алғыс білдірді. Кейін жеке парақшасына концерттен түсірілген суреттерін жариялап:
"Кім не десе, о десін, ал мен әрі қарай жарқырай беремін. Қолдауларыңызға мың алғыс", – деп жазды.
Алаудың сахнадағы образы мен өнер көрсетуі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Бұған дейін кейбір желі қолданушылары оның киім үлгісін сынға алса, енді бірі жас қызға қолдау білдірген.
Қайрат Нұртастың Алматыдағы концерті қалай өтті?
4 қазанда Алматыдағы Орталық стадионда Қайрат Нұртастың шығармашылық жолының 20 жылдығына арналған "Сахнада 20 жыл" атты үлкен концерті өтті.
Мерейтойлық кешке шамамен 40 мың көрермен жиналған. Концерттен кейін Қайрат Нұртас алматылық тыңдармандарына алғыс айтып, "Бұл тарихты бірге жаздық" деп жазды.
Кеш барысында Қайрат Нұртас өзінің әр жылдардағы танымал әндерін орындады. Концерттің есте қалған сәттерінің бірі – қызы Алаудың сахнаға шығуы болды. Әкесі "Ол сен емес" әнін орындаған кезде Алау онымен бірге сахнада биледі.
Алматыдағы концерт – әншінің 20 жылдық мерейтойлық турының екінші үлкен шоуы. Бұған дейін 27 қыркүйекте Астанада концерт өткен. Тур кейін Шымкент, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында жалғасады.

Қайрат Нұртас кім?
Қайрат Нұртас – қазақстандық эстрада әншісі, ән авторы және Kairat Nurtas Production орталығының негізін қалаушы. Оның толық аты-жөні – Қайрат Нұртасұлы Айдарбеков. Әнші 1989 жылғы 25 ақпанда Түркістан қаласында дүниеге келген. Өнерге ерте араласып, алғаш рет 10 жасында Байқоңырда сахнаға шыққан. 2005 жылы эстрада-цирк колледжіне оқуға түскен. 2008 жылы Алматыдағы Республика сарайында алғашқы жеке концертін өткізіп, кәсіби шығармашылық жолын бастады. Сол жылы анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбековамен бірге Kairat Nurtas Production орталығын құрды.
Қайрат Нұртас қазақ эстрадасында кең аудитория жинаған орындаушылардың бірі. Оның репертуарында қазақ және орыс тілдеріндегі әндер бар. Ресми сайтындағы мәлімет бойынша, 2026 жылға дейін әншінің 11 альбомы мен 160-тан астам синглі жарық көрген. Ол "Екі жұлдыз" телевизиялық жобасына қатысып, кейін ел көлемінде танымалдығы арта түсті. Әнші "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығына ие болған, сондай-ақ "Құрмет" орденімен марапатталған. 2026 жылы Қайрат Нұртас сахнадағы 20 жылдығына орай Астана мен Алматыда ірі концерттер өткізді.
Оның жұбайы – актриса Жұлдыз Әбдікәрімова. Ерлі-зайыптылар бес бала тәрбиелеп отыр: Алау, Сезім, Рәбия Сұлтан, Нарұл және Хан.