Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов концертінде жеке өміріне қатысты айтылып жүрген сын-пікірлерге жауап берді. Өнер иесі ажырасқаннан кейін қоғам тарапынан өзін қатты сынағанын айтып, Дариға Бадықова мен Баян Алагөзованы мысалға келтірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Тұрсынбек Қабатов сахнадағы өнері кезінде отбасылық өміріне байланысты туындаған қоғамдық пікірді әзілмен жеткізген. Ол ажырасқаннан кейін көпшіліктің өзіне деген көзқарасы өзгергенін астарлап айтып, танымал әйелдердің жеке өміріне қатысты жаңалықтарды жұрттың қалай қабылдайтынымен салыстырды. Әзілкештің сөзінше, Дариға Бадықова мен Баян Алагөзованың жеке өміріндегі өзгерістерге қатысты қоғамның реакциясы оның жағдайынан өзгеше болған.
"Дариға, оған сол керек дедіңіздер. Баян күйеуге шыққанда, қалай күшті етіп жаздыңыздар. Мен де қазір әйеліме той көйлек кигізіп қойып, той жасайыншы", – деді Тұрсынбек Қабатов.
Бұдан кейін әзілкеш өзі дәл осындай әрекетке барса, көпшіліктің тарапынан тағы да сынға қалатынын айтып, жағдайды әзілге айналдырған.
"Бітті ғой: "оңбаған, осының концертіне кім барып жатыр, бойкот, ешкім бармасын, Қазақстаннан шығарып жіберу керек", – деп айтады. Жандарым, тығылып келіп отырған сіздерге рақмет", – деді ол.
Еске сала кетейік, Тұрсынбек Қабатовтың әйелі Айман Талғатқызы кәсіпкерлікке қадам басып, әйелдерге арналған жеке киім брендін көпшілікке ұсынған еді.
Тұрсынбек Қабатов кім?
Тұрсынбек Аманғалиұлы Қабатов – қазақстандық танымал әзілкеш, актер, тележүргізуші және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1979 жылы 10 қазанда Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының Ақпәтер ауылында дүниеге келген.
Тұрсынбек Қабатов шығармашылық жолын 2000 жылы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясында бастаған. Кейін Көңілді тапқырлар клубында (КВН) өнер көрсетіп, көпшілікке кеңінен таныла бастады.
Студенттік жылдары "Аграрка сарбаздары", "Астана.kz" және "Казахи" командаларының құрамында ойнады. Әсіресе "Казахи" командасындағы өнері оның танымалдығын арттырды. 2010 жылы бұл команда КВН Жоғарғы лигасының вице-чемпионы атанды. Кейін әзілкеш жеке шығармашылығын дамытып, Қазақстанның түрлі қалаларында концерттер ұйымдастыра бастады. Оның әзілдерінің негізгі тақырыбы – күнделікті тұрмыс, отбасылық қарым-қатынас және қоғамдағы өзекті мәселелер.
Тұрсынбек Қабатов "Базар жоқ" театрының шығармашылық жобаларына қатысып, "Әзіл әлемі" ұжымының қызметіне де араласқан. Сонымен қатар телевизиялық бағдарламалар мен продюсерлік жобаларда еңбек етті.
Өнер саласындағы еңбегі үшін 2014 жылы "Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі" атағын алды. Сондай-ақ Қазталов ауданының құрметті азаматы атанды. 2015 жылы Тұрсынбек Қабатовқа "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілді.
Әзілкештің жеке өмірі де көпшілік назарында. Ол бұған дейін продюсер Мөлдір Мұқанмен отбасын құрған. Екеуінің бес баласы бар. 2025 жылы олардың ажырасқаны туралы ақпарат жарияланды. Кейін Мөлдір Мұқан бірнеше сұхбатында отбасылық өміріндегі қиындықтар туралы айтып, ажырасу себебіне қатысты пікір білдірді. Ал Тұрсынбек Қабатов жеке өміріне байланысты айтылған сындарға концерттерінде әзіл арқылы жауап беріп жүр. Бүгінде Тұрсынбек Қабатов қазақ әзіл-сықақ өнерінің танымал өкілдерінің бірі ретінде шығармашылық қызметін жалғастырып келеді.