Malim.kz
Қоғам

Ерлан Қарин тойдағы даулы видеоға қатысты пікір білдірді

Айбын Атабай
Ақорда

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин тойда тілек айту барысында әйелдерді, өнер мен мәдениет өкілдерін кемсітіп, діни көзқарасын көпшілікке таңуға тырысқан ер адамның әлеуметтік желіде тараған видеосына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz. 

Ерлан Қариннің айтуынша, мұндай көзқарастар мен әрекеттер қазақ халқының ұлттық болмысына да, Қазақстанның зайырлы мемлекет ретіндегі ұстанымына да сәйкес келмейді.

«Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады», – деді ол.

Сондай-ақ Ерлан Қарин өнер мен мәдениетті дінге қарсы қоюдың орынсыз екенін атап өтті. Оның сөзінше, мемлекет білім мен ғылымды, өнер мен мәдениетті дамытуға басымдық беріп келеді және бұл – еліміздің таңдаған бағыты.

«Көпшілік алдында адамдарды бұлайша алалау, өз пікірін қасақана тықпалау әдептілікке жатпайды. Біз өзара құрмет пен мәдениетті биік қоямыз. Еліміздің жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ерекше мән беріп отырғаны да сондықтан», – деді ол.

Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары ұлттық болмыс пен елдік ұстанымдарға қайшы келетін мұндай әрекеттерге қоғам болып тосқауыл қою қажет екенін атап өтті.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары