Қазақтың бұлбұлы атанған Роза Бағланованы көпшілік ән өнеріндегі қайталанбас тұлға ретінде таниды. Алайда оның өмірінде автомобильдермен байланысты қызықты оқиғалар да аз болмаған. ЗИМ лимузині, бірнеше "Волга", ауыр жол апаты мен ұрланған көлік – халық әртісінің өмірбаянындағы көп айтыла бермейтін осы деректерге шолу жасадық, деп хабарлайды Malim.kz.
Халық әртісінің автомобильдеріне қатысты деректерді QAZ-Auto журналының бас редакторы Олег Зотов Роза Бағланованың ұлы Тәжен Бағланов пен отбасы мүшелерінің естеліктеріне сүйене отырып жинақтаған. Материал Tengri Auto-да жарияланған зерттеуге негізделді.
Роза Бағланованың алғашқы "көлігі" жүк машинасы болған
Роза Бағланованың автомобильдермен байланысты тарихы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан басталады. 1941 жылы Мәскеу консерваториясына оқуға баруды жоспарлаған жас әншінің тағдырын соғыс өзгертті. Ол майданға аттанып, жауынгерлер алдында өнер көрсетті.
Сол жылдары әртістерді, музыкалық аспаптар мен басқа да жабдықтарды тасымалдау үшін негізінен жүк машиналары пайдаланылған. Кейде жүк көлігінің кузовының өзі сахна қызметін атқарған.
Роза Бағланова майдан жылдарында ГАЗ-АА, Studebaker US6, Chevrolet G7107, Ford G8T, Austin K2 және Bedford OXD секілді түрлі техникамен жүрген. Дегенмен дереккөзде оның жолда да, концерттер кезінде де ең көп пайдаланған көлігі ЗИС-5 болғаны айтылады.
Алғашқы жеке көлігі – ЗИМ лимузині
Роза Бағланованың отбасы мүшелерінің естелігі бойынша, әншінің алғашқы жеке автокөлігі шамамен 1958 жылы алынған ЗИМ, яғни ГАЗ-М12 болған.
Бұл қарапайым көлік емес еді. Ұзындығы 5,5 метрден асатын, алты адамға арналған ЗИМ сол кезеңдегі мәртебелі автомобильдердің бірі саналған. Мұндай машинаны жеке меншігіне алу көпшілік үшін қолжетімсіз болатын.
ЗИМ мінген белгілі қазақстандықтардың арасында Мұхтар Әуезов те болған. Ал Қаныш Сәтбаев қызметтік ЗИМ пайдаланған. Сондықтан Роза Бағланованың осындай автомобиль иеленуі оның сол кезеңдегі қоғамдық және өнердегі мәртебесін де аңғартса керек.
Роза Бағланова 30 жылдай "Волга" мінген
Кейін ЗИМ-нің орнын ГАЗ-21Р "Волга" басты. Дерек бойынша, көлік 1964 жылы жаңадан сатып алынған және оның бағасы 5900 рубль болған.
Роза Бағланова көлікті өзі жүргізбеген, арнайы жүргізушінің қызметін пайдаланған. Ал қажет кезде рөлге әншінің жұбайы отырған.
Бұл "Волга" отбасында шамамен 1973-1974 жылдарға дейін болған. Алайда бір жолы әншінің жұбайы көлікпен ауыр жол апатына ұшырайды. Оның өзі қатты зардап шекпегенімен, автомобильді қалпына келтіру мүмкін болмаған.
Нөмірі 85-85 болған "Волга"
Жол апатынан кейін Роза Бағланованың отбасында жаңа буындағы ГАЗ-24 пайда болды. Сол уақытта бұл КСРО-дағы ең беделді әрі тапшы автомобильдердің бірі еді.
Әнші пайдаланған ақшыл сұр түсті ГАЗ-24-тің мемлекеттік нөмірі 85-85 болған. Роза Бағланова бұл машинаны 1980 жылға дейін пайдаланған.
Кейін оның гаражына тағы бір ГАЗ-24 қосылды. Бұл жолы қара түсті автомобиль әншіге мәдениет пен өнердегі еңбегі үшін сыйға тартылған.
70 жасында тағы бір ерекше "Волга" сыйға алды
1992 жылы Роза Бағланова 70 жасқа толғанда оған тағы бір автомобиль сыйға тартылды. Бұл жолы сыйлық – сұр түсті ГАЗ-3102 "Волга" еді.
Автомобильдің нөмірі де ерекше – 55-55.
Дереккөз мәліметінше, көлікті сол кездегі Алматы қаласының әкімі Заманбек Нұрқаділов табыстаған. ГАЗ-3102 қарапайым "Волгадан" мәртебесі жоғары модель саналған және ұзақ уақыт бойы жеке тұлғаларға сатылмаған.
Роза Бағланованың "Волгасын" ұрлап кеткен
ГАЗ-3102-мен байланысты тосын оқиға да болған. Әншінің ұлы Тәжен Бағлановтың естелігі бойынша, бір күні ол автомобильді құлыптауды ұмытып кеткен.
Осыны пайдаланған ұрылар машинаны айдап кеткен. Отбасы полицияға жүгініп, нәтижесінде көлік табылып, иелеріне қайтарылған.
Гастроль кезінде қандай көліктер пайдаланылды?
Роза Бағланованың өмірінде жеке машиналарынан бөлек көптеген қызметтік көлік болған. Гастрольдік сапарларда өнер ұжымдары көбіне автобустармен жүрген. Ал "Қазақконцерттің" жетекші өнер шебері ретінде Роза Бағлановаға кей сапарларда жеке көлік берілген.
Архивтік фотосуреттерде әншіні Румынияда шығарылған IMS M461 жол талғамайтын көлігінің, "Москвич-423", УАЗ-469 және "Москвич-412" машиналарының жанынан көруге болады. Бірақ бұл көліктерді Роза Бағланованың жеке меншігі деп қабылдауға болмайды – олардың бір бөлігі гастроль мен жұмыс кезінде берілген қызметтік транспорт болған.
Роза Бағланованың қандай жеке көліктері болған?
Қолда бар деректерді жинақтасақ, халық әртісінің автомобиль тарихында ЗИМ (ГАЗ-М12), ГАЗ-21Р "Волга", кемінде екі ГАЗ-24 және ГАЗ-3102 "Волга" аталады. Оның өміріндегі көліктердің тарихы соғыс кезіндегі жүк машинасынан басталып, сол дәуірдің ең беделді кеңестік автомобильдеріне дейін жалғасқан.
Әсіресе "Волга" Роза Бағланованың өмірінде ерекше орын алған. Әнші бұл марканың бірнеше буынын пайдаланған, ал екі "Волга" оған өнердегі еңбегі мен мәртебесіне байланысты сыйға берілгені айтылады.
Жазушы Мұхтар Әуезов қандай көліктерді тізгіндеген?