Қазақ әдебиетінің классигі, "Абай жолы" роман-эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы мен өмір жолы туралы дерек көп. Алайда жазушының қандай көлік мінгені, оның гаражында қандай автомобильдер болғаны көпшілікке бірдей таныс емес, деп хабарлайды Malim.kz.
Тарихи мәліметтерге қарағанда, Мұхтар Әуезов өз дәуіріндегі ең беделді әрі қымбат саналатын бірнеше кеңестік автокөлікке ие болған. Олардың қатарында әйгілі "Победа", ЗИМ және "Волга" бар.
Мұхтар Әуезов алғашқы көлігін қашан алмақ болды?
Жазушы жеке автокөлік сатып алуды 1947 жылы жоспарлаған. Бұл кезеңде Кеңес Одағында қарапайым сатып алушыға қолжетімді таңдау аса көп болмаған. Негізгі модельдердің қатарында "Москвич-400" және ГАЗ-М20 "Победа" бар еді.
Әуезов таңдауды "Победаға" тоқтатады. Көлікті сатып алу үшін Горькийдегі автозауытқа 16 мың рубль және автомобиль сатуға кедергі жоқ екенін растайтын құжат жіберілген. Алайда 1947 жылғы ақша реформасы жазушының жоспарын өзгертіп жіберді: зауытқа жіберілген қаражаттың құны күрт төмендеп, көлікті сол жолы сатып алу мүмкін болмады.

"Абай" романы Әуезовке көлік алуға мүмкіндік берді
Екі жылдан кейін жағдай өзгереді. 1948 жылы Мұхтар Әуезов "Абай" романы үшін бірінші дәрежелі Сталин сыйлығын иеленген. Дерек бойынша, сыйақы көлемі 100 мың рубль болған.
1949 жылы жазушы көптен күткен "Победасын" сатып алады. Оның көлігі беж түсті болып, мемлекеттік нөмірі "ШВ 50-43" болған. Бұл жолы автомобиль алу үшін зауытқа барудың қажеті болмаған: Алматыда алғашқы автодүкен ашылған еді.

Әуезов мінген ЗИМ қанша тұрған?
1956 жылы Мұхтар Әуезов бұрынғы "Победасын" сатпай-ақ, екінші көлік сатып алуға шешім қабылдайды. Оның таңдауы сол кезеңдегі аса мәртебелі ГАЗ-М12 ЗИМ автомобиліне түседі.
ЗИМ қарапайым көлік саналмаған. Мұндай машиналармен жоғары лауазымды шенеуніктер, генералдар мен ірі кәсіпорындардың басшылары жүрген.
Оның бағасы да сол заман үшін өте жоғары еді – 40 мың рубль. Салыстыру үшін деректе елдегі орташа жалақы 450–600 рубль шамасында болғаны көрсетілген. Яғни ЗИМ бағасына екі "Победа" мен бір "Москвич" сатып алуға болатын.
Әуезовтің мұндай автомобильді сатып алуы да назар аудартады. Сталиндік қуғын-сүргіннің салдары әлі ұмытыла қоймаған кезеңде тым қымбат дүние иелену қоғамның назарын аударып, түрлі әңгімеге себеп болуы мүмкін еді. Соған қарамастан жазушы ЗИМ-ді сатып алған.

Мұхтар Әуезовтің соңғы көлігі – "Волга"
Жазушы өмірінің соңғы жылдарында тағы бір әйгілі кеңестік автомобильге ие болды. Ол – қара түсті ГАЗ-21 "Волга".
Деректерге сәйкес, Әуезовтің "Волгасының" мемлекеттік нөмірі "ШД 73-39" болған. Нақты модификациясы – екінші серияға жататын ГАЗ-М21И. Бұл модель алдыңғы нұсқаларынан сыртқы дизайны және бірқатар техникалық жаңартуымен ерекшеленген.
Алайда жазушы жаңа көлігін ұзақ пайдаланып үлгермеді. Мұхтар Әуезов 1961 жылғы 27 маусымда 63 жасында дүниеден өтті.
Қызығы, жазушыны соңғы сапарға шығарып салған қаралы шерудің алдында дәл осы қара "Волга" жүрген.

Мұхтар Әуезов көлікті өзі жүргізген бе?
Тағы бір қызықты дерек – жазушының жеке автомобильдері болғанымен, оларды өзі жүргізбеген.
Мұхтар Әуезов көліктерімен жүргізуші арқылы қатынаған. Жазушы қайтыс болғаннан кейін де жүргізуші оның отбасында жұмысын жалғастырған. Кейін "Волганы" жазушының ұлы Ернар Әуезов пайдаланған.
Әуезов отбасында ГАЗ-М1, халық арасында «эмка» аталған автомобильдің де болғаны туралы дерек кездеседі. Ол 1947–1949 жылдары отбасының қолданысында болған. Дегенмен көлік жазушының жеке меншігі болды ма, әлде Жазушылар одағы қызметтік мақсатта берді ме – бұл жағы нақты расталмаған.