Бүгін, 15 тамыз – қазақ музыкасының тарихында өшпес із қалдырған композитор, "қазақ вальсінің королі" атанған Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Көпшілік оның әйгілі әндері мен шығармашылық жолын жақсы біледі. Ал композитордың қандай көлік мінгені, алғашқы рет рөлге қашан отырғаны және темір тұлпарымен айына мыңдаған шақырым жүргені туралы деректер көп айтыла бермейді, деп хабарлайды Malim.kz.
Шәмші Қалдаяқовтың өміріндегі автокөліктер туралы қызықты мәліметтерді 2025 жылы QAZ-Auto журналы мен Tengri Auto жариялаған. Композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқовтың естелігіне сүйенсек, әкесінің өмір бойы жеке меншігінде екі автомобиль болған. Екеуі де кеңестік "Жигули" еді.
Шәмші Қалдаяқов рөлге 13 жасында отырған
Шәмші Қалдаяқовтың техникамен таныстығы автомобильден емес, трактордан басталған. Болашақ композитор небәрі 13 жасында, соғыс жылдары еңбекке араласып, трактор жүргізген.
Дереккөздегі болжам бойынша, ол сол кезеңде кең таралған "Фордзон-Путиловец" тракторын басқаруы мүмкін. Қазіргі техникамен салыстырғанда мұндай тракторды жүргізу оңай болмаған: рөл күшейткіші жоқ, кабинасы қарапайым, жүргізушіні ауа райынан қорғайтын жағдай да жасалмаған. Соған қарамастан адамдар күніне 14-17 сағатқа дейін еңбек еткен.
Кейінгі жылдардағы фотосуреттердің бірінде студент Шәмші Қалдаяқов ЗИЛ-158 автобусының жанында бейнеленген.

"Москвич-408"-бен түскен тарихи сурет
1960 жылдардың соңы мен 1970 жылдардың басында Шәмші Қалдаяқов жиі сапарға шығып жүрген. Әсіресе Алматыдан Жамбылға, қазіргі Таразға және Шымкентке тұрақты қатынаған.
Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің архивінде композитордың достарымен бірге "Москвич-408" көлігінің жанында тұрған фотосуреті сақталған.
Алайда бұл машина Шәмші Қалдаяқовтың жеке көлігі болмаған. Оның нақты кімге тиесілі екені белгісіз.

Шәмші Қалдаяқовтың алғашқы көлігі қандай болған?
Композитордың жеке меншігіндегі алғашқы автокөлігі 1975 жылы алынған. Бұл – сары түсті ВАЗ-2103, халық арасында "үштік" немесе "тройка" аталып кеткен "Жигули".
1970 жылдары ВАЗ-2103 Кеңес Одағындағы мәртебелі әрі тапшы автомобильдердің бірі саналды. Ол кезде көлік сатып алу үшін ақшаның болуы жеткіліксіз еді. Сатып алушылар бірнеше жыл кезек күтуі мүмкін болатын.
Шәмші Қалдаяқовтың дәл осындай тапшы автомобильді қалай алғаны туралы нақты дерек жоқ.
Ұлы Мұхтар Қалдаяқовтың естелігі бойынша, композитор өзі қол жеткізген дүниелер туралы көп айта бермеген.

Айына 3-5 мың шақырым жүрген
Шәмші Қалдаяқов көлігін гаражда сақтап қоятын жүргізушілердің қатарынан болмаған. Керісінше, ол сапарға жиі шығып, бір айдың ішінде шамамен 3-5 мың шақырым жол жүрген.
Алайда композитор автомобильдің техникалық күтіміне аса көп көңіл бөлмеген көрінеді. Май мен басқа да техникалық сұйықтықтар, шығын материалдары уақытылы ауыстырыла бермеген.
Осыншама көп пайдаланылған автомобильге тұрақты техникалық қызмет көрсетілмеуі ақырында оның жағдайына әсер етеді. 1980 жылдардың басына қарай сары ВАЗ-2103-ті жөндеу қиындап, отбасы көлікті сатуға шешім қабылдаған.
Шәмшінің көлігінің қозғалтқышы сақталғаны рас па?
Композитордың алғашқы көлігіне қатысты ел арасында түрлі әңгімелер де тараған.
Бір адам Шәмші Қалдаяқовтың автомобиліне жаңа қозғалтқыш орнатуға көмектескенін, ал ескі мотордың өзінде сақталғанын айтып, оны композитордың музейіне беруге дайын екенін мәлімдеген.
Алайда Қалдаяқовтың отбасы бұл әңгіменің шынайылығына күмән келтірген. Автокөлік мамандары да ұсынылған суреттегі қозғалтқыштың "Жигулиге" емес, Audi көлігіне тиесілі екенін анықтаған.

Екінші көлігі – ВАЗ-2105
Шәмші Қалдаяқовтың екінші жеке автокөлігі ВАЗ-2105 болған.
Бұл модельдің өндірісі 1980 жылы басталып, алғашқы өнеркәсіптік партиялары 1981 жылы шығарыла бастады. Сол кезең үшін "бестік" заманауи дизайнымен ерекшеленетін жаңа автомобиль еді.
Алғашқы ВАЗ-2105 көліктері Қазақстанға келе бастағанда оған сұраныс өте жоғары болған. Соған қарамастан Шәмші Қалдаяқов алғашқы партиялардың бірінен көлік алған.
Ұлының естелігіне қарағанда, композитор жаңа автомобилін ерекше мақтан тұтқан. Себебі 1981 жылы мұндай машинаны Алматы көшелерінен кездестірудің өзі сирек болатын.

Шәмші Қалдаяқовтың ВАЗ-2105 көлігі қандай түсті болған?
Кейбір естеліктер мен әңгімелерде композитордың ВАЗ-2105 көлігі ақ түсті деп айтылады. Алайда отбасының мәліметі бойынша, машина шын мәнінде ашық сұр, сәл сарғыш реңкті болған.
Шәмші осы көлігімен де Тараз бен Шымкентке жиі қатынаған.
Ол кезде композитор Жамбылда үй салуды бастаған еді. Құрылысқа қажетті кейбір материалдарды өзінің ВАЗ-2105 көлігімен тасып жүрген.
Шәмшінің соңғы көлігі отбасында ұзақ жыл сақталды
Өкінішке қарай, композитор бастаған үй құрылысын аяқтай алмады. Шәмші Қалдаяқов 1992 жылы өмірден өтіп, Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді.
Қызығы, композитордың балалары әкесінің мазарына қажетті құм мен цементті де осы ВАЗ-2105 көлігімен тасыған.
Осылайша, Шәмші Қалдаяқовтың екінші "Жигулиі" оның өмірінің соңғы жылдарының ғана емес, дүниеден өткеннен кейінгі отбасылық тарихының да бір бөлшегіне айналды. Автомобиль Қалдаяқовтар отбасында әбден ескіргенге дейін сақталған.