Белгілі кәсіпкер Арсен Томский Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың әкесі әрі алғашқы бапкері Станислав Шайдоровқа Audi Q8 автокөлігін сыйлады. Бұл туралы кәсіпкер әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Томскийдің айтуынша, Станислав Шайдоров – ұлының тарихи жеңісінің артында тұрған, жылдар бойы тынымсыз еңбек еткен жан.
"Бұл көлікті Михаил Шайдоровтың әкесіне сыйладым. Ол – ұлының алғашқы жаттықтырушысы және осы алтынның бастауында тұрған адам. Михаил миллиондаған жанкүйерге шабыт сыйлады. Бірақ бұл жеңістің артында темірдей тәртіп пен жанкешті еңбек жатқанын ұмытпауымыз керек", – деді кәсіпкер.
Арсен Томский бұрын Станислав Шайдоров ұлының спорттық жолын қолдау үшін өз көлігін сатуға мәжбүр болғанын атап өтті. Бұл жайт кәсіпкерге ерекше әсер еткен.
"Ол бір кездері ұлының арманы үшін көлігін сатты. Мен де өмірімде екі рет көлігімді сенім артқан іс үшін саттым: бірінде команданың жалақысын төлеу үшін, екіншісінде қаржы тапшылығы кезінде спортшыларды жарысқа жіберу үшін", – деді ол.
Эмоцияға толы сәт
Көлікті табыстау рәсімінде Станислав Шайдоров сезімін жасыра алмады. Кәсіпкердің сөзінше, бұл – ұзақ жылдық еңбектің нәтижесін көрген әкенің көз жасы.
"Әр чемпионның артында "Мен саған сенемін" деген бір адам тұрады. Ұлы жеңістер сенімнен басталады", – деп жазды Томский.
Еске салайық, еркін бағдарламада Михаил Шайдоров аса күрделі элементтерді мінсіз орындап, 198,64 ұпай жинады. Жалпы есепте 291,58 ұпай алып, жеке рекордын жаңартты.
21 жастағы спортшы осы нәтижемен Олимпиада чемпионы атанып, Қазақстанға 2018 жылдан бергі алғашқы қысқы Олимпиада медалін әкелді. Бұл – ел тарихындағы екінші қысқы Олимпиада алтыны. Бұған дейін 1994 жылғы Лиллехаммер ойындарында Владимир Смирнов шаңғы жарысынан алтын медаль жеңіп алған болатын.
Михаил Шайдоров 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарындағы тарихи жеңісінен кейін қазақстандықтарға арнайы үндеу жолдаған болатын. Сондай-ақ Михаил Шайдоровтың Олимпиададағы алтыны үшін қанша ақша жұмсалғаны да мәлім болды.