Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында топ жарып, чемпион атанды, деп хабарлайды Malim.kz.
Ерлер арасындағы еркін бағдарлама сайысы сенбіге қараған түні өтті. Қысқа бағдарлама қорытындысында бесінші орында тұрған Шайдоров шешуші кезеңде ең мықты спортшылармен бірге соңғы топта өнер көрсетті.
Мұз айдынында ол өзінің басты қаруына айналған үштік аксель мен ойлер арқылы байланыстырылған төрттік сальхов каскадын мінсіз орындады. Бұған қоса спортшы тағы бес күрделілігі жоғары ультра-си элементін көрсетті: белгімен орындалған төрттік лутц, төрттік флип, екі төрттік тулуп (оның бірі үштік тулуппен каскадта) және үштік аксель.
Еркін бағдарлама нәтижесінде Шайдоров 198,64 ұпай иеленді. Ал екі бағдарлама қорытындысы бойынша оның жалпы көрсеткіші 291,58 ұпайға жетті. Бұл – спортшының мансабындағы ең жоғары нәтиже.
Нәтижесінде 21 жастағы Михаил Шайдоров Олимпиада кестесінде бірінші орынға көтеріліп, Қазақстанға 2018 жылдан бергі алғашқы қысқы Олимпиада жүлдесін сыйлады. Ол – еліміз тарихындағы екінші Олимпиада чемпионы. Бұған дейін 1994 жылғы ойындарда шаңғышы Владимир Смирнов алтын медаль жеңіп алған болатын.