freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Барша қазаққа алғысым шексіз": Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров қазақ тілінде тілегін жеткізді (ВИДЕО)

Спорт
"Барша қазаққа алғысым шексіз": Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров қазақ тілінде тілегін жеткізді (ВИДЕО)
Сали Сабиров / ҰОК. Суретте: Михаил Шайдоров

Михаил Шайдоров 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарындағы тарихи жеңісінен кейін қазақстандықтарға арнайы үндеу жолдады, деп хабарлайды Malim.kz.

Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында Миланнан бейнежазба жариялап, өзіне қолдау көрсеткен барша жанкүйерге алғыс айтты.

Миланнан жолданған алғыс

"Құрметті достар! Сіздерге Миланнан сәлем жолдаймын. Маған қолдау білдірген барлық отандастарыма ризашылығымды білдіремін. Дайындығымызға ерекше қолдау көрсеткен Мемлекет басшысына алғыс айтамын. Сондай-ақ еліміздің мәнерлеп сырғанау федерациясының президенті Бауыржан Ералыға кейінгі жылдары осы спорттың дамуына қосқан үлесі үшін рақмет. Жауапты әрі ауыр кезеңде жанымнан табылған мамандар мен бапкерлерге, трибунада және көгілдір экран алдында қолдау білдірген барлық қазақстандықтарға ризашылығым шексіз", – деді Олимпиада чемпионы.

Спортшы әлеуметтік желі арқылы қолдау білдірген азаматтарға да ерекше алғыс жеткізді.

Тарихи алтын қалай келді?

Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы еркін бағдарлама сенбіге қараған түні өтті. Қысқа бағдарламадан кейін бесінші орында тұрған Шайдоров соңғы топта өнер көрсетті.

Ол бағдарламасында күрделі техникалық элементтерді мінсіз орындады. Атап айтқанда, үштік аксель мен ойлер арқылы жалғанған төрттік сальхов каскады, төрттік лутц, төрттік флип, екі төрттік тулуп (оның бірі үштік тулуппен каскадта) және үштік аксель секілді ультра-си деңгейіндегі элементтерді таза көрсетті.

Еркін бағдарлама үшін 198,64 ұпай алған қазақстандық спортшы екі бағдарлама қорытындысында 291,58 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартты.

Қазақстан тарихындағы екінші алтын

Осы нәтижемен 21 жастағы Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанып, Қазақстанға 2018 жылдан бергі алғашқы қысқы Олимпиада медалін сыйлады. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы екінші қысқы Олимпиада алтыны. Бұған дейін 1994 жылғы Лиллехаммер Олимпиадасында Владимир Смирнов шаңғы жарысында чемпион атанған еді.

Қысқаша өмірбаян

Михаил Шайдоров 2004 жылы 25 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. 2022 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді. 2025 жылы Бостонда өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында күміс алды, төрт құрлық чемпионатында жүлдегер атанды, сондай-ақ Харбиндегі Азия ойындарында үздік үштікті түйіндеді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу