Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы IBF чемпиондық белбеуінен айырылғаннан кейін жанкүйерлеріне үндеу жолдады, деп хабарлайды Malim.kz.
Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында бұл жағдайға қарамастан рухы мықты екенін айтып, алдағы уақытта үлкен жеңістер күтіп тұрғанын жеткізді.
Боксшының айтуынша, қабылданған шешімдер нәтижесінде ол бір чемпиондық белбеуден айырылғанымен, әлі де әлем чемпионы мәртебесін сақтап отыр.
- IBF (Халықаралық бокс федерациясы) – чемпиондық белбеу бос деп жарияланды;
- WBO (Дүниежүзілік бокс ұйымы) – Әлімханұлы осы нұсқа бойынша әлем чемпионы болып қала береді.
"Сыналдық, бірақ сынбадық! Керісінше, шыңдалдық. Шешімдер шықты: IBF кетті, WBO қалды. Қалай болғанда да, қазір мен WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионымын", – деп жазды боксшы.
Рингке қашан оралады?
Жәнібек Әлімханұлы жанкүйерлерін алаңдамауға шақырып, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Оның айтуынша, келесі жекпе-жекке дайындық көп күттірмейді. Спортшы шамамен 8 айдан кейін рингке қайта шығуды жоспарлап отыр.
Допинг туралы пікір білдірді
Мәлімдеме барысында боксшы допинг мәселесіне де тоқталып өтті. Ол спорттағы әділдік пен тазалықты қолдайтынын айтып, заңсыз препараттарға қарсы екенін тағы бір мәрте мәлімдеді.
"Мен допингке қарсымын. Мұны бұрын да айтқанмын, қазір де айтамын. Өткен нәрсе өтті. Ең бастысы – ел менің кім екенімді, қандай боксшы екенімді жақсы біледі", – деді Әлімханұлы.
Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсан айында Жәнібек Әлімханұлы допинг сынамасынан өте алмаған. Осыған байланысты IBF ұйымы қазақстандық боксшыны орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан айырған болатын.
Соған қарамастан, қазақстандық боксшы қазіргі уақытта WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы мәртебесін сақтап отыр. Дегенмен аталған ұйым ақпан айында допинг сынамасының оң нәтиже көрсетуіне байланысты оны 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін бір жыл мерзімге жекпе-жектерден шеттету туралы шешім қабылдаған.