Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды. Бұл туралы Қазақстан кәсіби бокс федерациясының президенті Рақымжан Ерденбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Федерация басшысының айтуынша, мұндай шешім ұйымның қатаң регламентіне байланысты қабылданған.
"IBF тарапынан ресми хат келді. Өздеріңіз білетіндей, бұл ұйымның талаптары өте қатаң. Құжатта көрсетілгендей, Жәнібек Әлімханұлы 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін шеттетілген. Ал ережеге сәйкес кез келген чемпион өз белбеуін тоғыз айдың ішінде қорғауы тиіс. Жәнібек титулын 2026 жылдың 4 шілдесіне дейін қорғауы керек еді. Осы жағдайларға байланысты 2026 жылдың 5 наурызында IBF директорлар кеңесі чемпиондық белбеуді бос деп жариялау туралы шешім қабылдады", – деді Ерденбеков.
Сонымен қатар федерация президенті бұл жағдай боксшы командасы үшін маңызды сабақ болғанын атап өтті. Оның пікірінше, Жәнібек жақын уақытта үлкен рингке қайта оралып, бұрынғыдан да мықты өнер көрсетуі мүмкін.
"Менің ойымша, бұл жағдай Жәнібектің командасы үшін үлкен тәжірибе болды. Дегенмен ол биыл рингке қайта оралып, бұрынғыдан да мықты болатынына сенемін. Болашақта төрт бірдей әлемдік белбеуді де иелене алады деп ойлаймын. Сонымен қатар оның командасы қабылданған шешімге қатысты апелляция бермек", – деп қосты ол.
Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсан айында Жәнібек Әлімханұлы допинг сынамасынан өте алмай қалған еді. Осыған байланысты Қазақстан кәсіби бокс федерациясы оны алты айға жекпе-жектерден шеттеткен болатын.
Соған қарамастан, қазақстандық боксшы әзірге WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы саналады. Алайда бұл ұйым да ақпан айында допинг сынамасының оң нәтиже көрсетуіне байланысты оны 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін бір жылға шеттету туралы шешім қабылдаған.