Malim.kz
Қоғам

"Оп-оңай сатып кете береді": Айгүл Иманбаева жеке өмірі туралы ел естімеген шындығын айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
instagram.com/aigul_imanbayeva. Суретте: Айгүл Иманбаева

Әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында шәкірттерінен көрген көңіл жарасын айтты. Өнер иесі өзіне жақын болып, жанында жүрген адамдардың сатқындығы ауыр тигенін жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Айгүл Иманбаеваның сөзінше, ол шәкірттеріне тек өнер үйретіп қана қоймай, олардың өмірлік жағдайын да жасауға тырысқан. Әнші кейбіріне ем-домына көмектесіп, енді біріне тұрмыстық мәселесін шешуге жәрдем бергенін айтты.

"Біреуінің көзі мүлдем көрмейді, операция жасатып, әке-шешесі жасамаған жақсылықты жасадым. Біреуінің тісін жөндеттім. Оларға коттедж жалдап бердім. Ақшасын мен төледім. Айлығы ол бар, мемлекеттік жобалардан түсетін ақша ол бар, оларға универдегі оқудан бөлек, тұлғалық жайлы, өнер жайлы тағы тегін сабақ үйреттім. Ең қиыны және жаманы осыншама уақыт пен ақшаңды, энергияңды шығындағанда, адамдар оп-оңай сатып кете береді екен", – деді ол.

Айгүл Иманбаева 19 жыл сахнада жүріп, Шабыт театрынан 200 мың теңге жалақы алғанын, ал кеше ғана оқу бітіріп келген кейбір шәкірттерінің өзінен жоғары айлық алғанын да айтты.

"Анель деген қыздың толық жағдайын жасадым. Ол бір күні, "бізді сегіз жыл пайдаландыңыз"  деді де кетіп қалды. Мен оны оқыттым, магистратурасын компаниямның есебінен төледім, емдеттім ақша беріп тұрдым. Ол кетті де қалды. Былтыр ұжымды жинап, бәріне айттым біразын босаттым жұмыстан. Ең соңында мен монстр, мен жаман, сорақы, елді құлдықта ұстаған адам секілді болдым да қалдым.  Достарым да, шәкірттерім де, жақын таныстарым да сатып кетті. Ең жаманы, сенген, жақын жаныңдағы адамдардан келеді екен сатқындық. Адамға өте ауыр тиетіні де жүрегіңе жақын адамдардың тастап, теріс айналуы екен. Мен осындай сатқындықты көріп, әбден қиналдым", – деді актриса.

Айгүл Иманбаева осы жағдайлардан кейін қатты қиналғанын, жақын санаған жандардың әрекеті өзіне ауыр соққы болғанын айтты.

Еске сала кетейік, Айгүл Иманбаева әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышты жаңалығын бөлісіп, көпшіліктен сүйінші сұраған еді. Сондай-ақ өнер иесі екінші некесінде балалы болу мәселесіне қатысты пікір білдірген болатын. Бұған дейін Айгүл Иманбаева 22 жас шамасында өміріндегі ең қиын сынақтардың бірін бастан өткергенін айтқан.

Айгүл Иманбаева кім: әнші, актриса әрі продюсер туралы не белгілі?

Айгүл Серікқұлқызы Иманбаева – қазақ өнеріндегі әншілік, актерлік және продюсерлік қырымен танылған өнер иесі. Ол 1977 жылы 15 наурызда Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Кенен ауылында дүниеге келген.

Өнерге деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Мектепте оқып жүрген шағында музыкаға жақын болып, баян аспабын меңгерген. Кейін кәсіби білім алу мақсатында Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түсіп, 1994-1998 жылдары осы оқу орнында білім алды.

Оқуын аяқтаған соң Айгүл Иманбаева шығармашылықпен қатар ұстаздық қызметті де қатар алып жүрді. 1998 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы колледжде сабақ беріп, жас өнерпаздардың қалыптасуына үлес қосты. Сонымен бірге Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық театрда актриса болып қызмет етті.

Театр сахнасында ол "Қыз Жібек", "Пай, пай, жас жұбайлар-ай", "Таланған тағдыр", "Алма бағы", "Көгілдір такси", "Желтоқсан желі" секілді қойылымдарда түрлі рөлдерді сомдады. Бұл қойылымдар оның актерлік шеберлігін шыңдап, көрерменге кеңінен танылуына ықпал етті.

Айгүл Иманбаева көпшілікке 2001 жылы "Хабар" арнасындағы "Ұят болмасын" бағдарламасы арқылы кеңінен танылды. Бағдарламадағы жүргізушілік қабілеті оның сахнадағы еркіндігін, әзілге жақындығын және сөзге шешендігін көрсетті. Сол жылы ол республикалық әзіл-сықақ байқауында әншілерге пародия жасағаны үшін бірінші орын алған.

Өнер иесі кино саласында да бірнеше рөл сомдады. 2004 жылы "Мосфильм" түсірген "Человек ветер" фильмінде Шолпан есімді кейіпкерді ойнады. Кейін "Сүйінші" фильмінде Нұрсұлтан Назарбаевтың анасының бейнесін сомдады. Сондай-ақ 2010 жылы "Ғашық жүрек" фильмінде Майра Итаяқованың образын экранға алып шықты.

Айгүл Иманбаева эстрададағы шығармашылық жолын 1999 жылдан бастап белсенді дамытты. Оның репертуарында отыздан астам ән бар. Сонымен қатар бірнеше бейнеклип түсіріп, әншілік қырын да таныта білді. 2007 жылы әнші "Таңғы елес" атты алғашқы жеке шығармашылық кешін өткізді.

2006 жылы Айгүл Иманбаева "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Бұл марапат оның өнер саласындағы еңбегіне берілген жоғары баға болды. Ал 2011 жылы ол жеке "А.И" драма театрын ашып, шығармашылық жолын жаңа бағытта жалғастырды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Иманбаева бүгінде қазақ өнерінде өзіндік орны бар тұлғалардың бірі саналады. Ол әншілік, актерлік және продюсерлік бағытты қатар алып жүріп, театр мен эстрада саласының дамуына үлес қосып келеді. Оның сахнадағы шеберлігі, еңбекқорлығы және өнерге деген адалдығы көпшілік құрметіне бөленуіне себеп болды.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары