freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Ажырасып келіпті... Қолындағы баласымен кетіпті": Айгүл Иманбаева жеке өмірі туралы ашық айтты (ВИДЕО)

Қоғам
"Ажырасып келіпті... Қолындағы баласымен кетіпті": Айгүл Иманбаева жеке өмірі туралы ашық айтты (ВИДЕО)
ашық дереккөзден. Суретте: Айгүл Иманбаева

Актриса Айгүл Иманбаева 22 жас шамасында өміріндегі ең қиын сынақтардың бірін бастан өткергенін айтты. Оның сөзінше, алғашқы ажырасуы тағдырына қатты әсер етіп, өмірге деген көзқарасын өзгерткен, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесі балалық шағында жоқшылық көрмегенін жеткізді. Айтуынша, анасы өмір бойы қызметте жұмыс істеген, бухгалтер болған. Сол себепті отбасында тұрмыстық қиындық сезілмеген.

"Шешем өмір бойы қызметте жұмыс жасаған. Бухгалтер – қазіргі тілмен айтқанда, қаржыгер. Бізге қиыншылық көрсетпей өсірді. Қиын бір замандар болды. Тоқсаныншы жылдары тамақ талонмен берілді. Үйде кәмпитті бір тал ғана беретін. Біз бала кезімізде ондай нәрсе көрген жоқпыз", – дейді актриса.

Актрисаның айтуынша, университетті бітіргеннен кейінгі кезеңде ол алғашқы некесін тоқтатып, қолында алты-жеті айлық баласымен анасының үйіне қайтып келген.

"Былай айтқанда тоқтықта өстік десек болады. Үлкен адам болып қалыптасып келе жатқан кезде үлкен ауыр сынақтың бірі – менің алғашқы ажырасуым болды. Жасым  22-ге толған кезім бе, толмаған кезім бе, тіпті есімде де жоқ. Кезінде еркелеп, аяқты алшысынан басып жүрген Айгүл жоқшылық күйге түседі.

Бірақ мен оны намыс көрдім. Баламды ауылда шешемнің қасына қалдырдым да, Алматыға келіп, төрт-бес жерде жұмыс жасадым. Жоқтықты да сол кезде көрдім. Өйткені намыс мені өлтірді. «Мына Гүлсімнің қызы ажырасып келіпті. Қолындағы баласымен келіпті» деген әңгімелер. Ауылға барғандағы намыс", – деп еске алды ол.

Айгүл Иманбаева сол кезеңде төрт-бес жерде қатар жұмыс істеп, өмірдің ауыртпалығын өз күшімен еңсеруге тырысқанын айтты. Оның сөзінше, дәл осы қиындықтар оған жауапкершілік алуды, бар мен жоқтың қадірін түсінуді үйреткен.

"Адаспаймын деп жүріп адастым, бірақ сол адасу арқылы өз жолымды таптым. Қиындықты жеңдім. Аштық пен тоқтықтың, баршылық пен жоқшылықтың қадірін сол кезде ғана ұқтым. Бұл маған үлкен сабақ болды", – деді актриса.

Еске сала кетейік, Айгүл Иманбаева әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышты жаңалығын бөлісіп, көпшіліктен сүйінші сұраған еді. Сондай-ақ өнер иесі екінші некесінде балалы болу мәселесіне қатысты пікір білдірген болатын.

Айгүл Иманбаева кім?

Айгүл Серікқұлқызы Иманбаева – қазақ өнерінде әншілік, актерлік және продюсерлік қырларымен танылған көпқырлы тұлға. Ол 1977 жылы 15 наурызда Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Кенен ауылында дүниеге келген.

Өнерге деген қызығушылығы бала кезінен байқалып, мектеп қабырғасында жүріп-ақ музыкаға жақын болды. Жасынан баян аспабын меңгеріп, сахнаға ерте араласты. Кейін кәсіби білім алу үшін Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына түсіп, 1994-1998 жылдары осы оқу орнында білім алды.

Оқу бітіргеннен кейін Айгүл Иманбаева шығармашылықпен қатар ұстаздық жолды да қатар алып жүрді. 1998 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы колледжде сабақ беріп, жас өнерпаздардың қалыптасуына үлес қосты. Сол кезеңде Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық театрда актриса болып қызмет етіп, сахнада түрлі бейнелерді сомдады.

Театрдағы шығармашылық жолында ол "Қыз Жібек", "Пай, пай, жас жұбайлар-ай", "Таланған тағдыр", "Алма бағы", "Көгілдір такси", "Желтоқсан желі" секілді қойылымдарға қатысты. Бұл рөлдер оның актерлік қабілетін шыңдап, көрермен алдындағы беделін арттырды.

Айгүл Иманбаева көпшілікке 2001 жылы «Хабар» арнасындағы «Ұят болмасын» бағдарламасы арқылы кеңінен танылды. Бағдарламадағы жүргізушілік қыры оның сахнадағы еркіндігін, әзіл мен сөзге жүйріктігін көрсетті. Сол жылы республикалық әзіл-сықақ байқауында әншілерге пародия жасағаны үшін бірінші орынға ие болды.

Өнер иесі кино саласында да өзіндік із қалдырды. 2004 жылы «Мосфильм» түсірген «Человек ветер» фильмінде Шолпан есімді кейіпкерді сомдады. Кейін «Сүйінші» фильмінде Нұрсұлтан Назарбаевтың анасының бейнесін экранға алып шықты. Сондай-ақ 2010 жылы «Ғашық жүрек» фильмінде Майра Итаяқованың образын сомдап, көрермен ықыласына бөленді.

Эстрададағы шығармашылық жолын Айгүл Иманбаева 1999 жылдан бастап белсенді түрде дамытты. Оның репертуарында отыздан астам ән бар, сондай-ақ бірнеше бейнеклип түсірген. 2007 жылы әнші «Таңғы елес» атты алғашқы жеке шығармашылық кешін өткізді.

Айгүл Иманбаева 2006 жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Бұл марапат оның өнердегі еңбегіне берілген жоғары баға болды. Ал 2011 жылы ол жеке «А.И» драма театрын ашып, шығармашылық ізденісін жаңа бағытта жалғастырды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанған Айгүл Иманбаева бүгінде қазақ өнеріндегі өзіндік орны бар тұлғалардың бірі саналады. Ол әншілік пен актерлікті қатар алып жүріп, театр саласының дамуына да үлес қосып келеді. Шығармашылық жолындағы табандылығы, сахнадағы шеберлігі және өнерге деген адалдығы оны көпшілік құрметтейтін өнер иесіне айналдырды.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу