Сағадат Нұрмағамбетов – 100 жыл

Биыл Кеңес Одағының батыры, Армия генаралы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, «Халық қаһарманы» Сағадат Нұрмағанбетовтың туғанына 100 жыл.

Malim Админ

  • 09.05.2024

Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетов 1924 жылы, 25 мамырда Ақмола облысы, Ақкөл ауданында дүниеге келген. Әкесі – Қожахмет, анасы – Айса. Анасы Сағадатты босанарға бір ай қалғанда, жары Қожахмет қайтыс болады. 

Ал 1932 жылғы ашаршылықта батырдың анасы да өмірден озады. Тағдырдың жазуымен Сағадат пен ағасы Сағит жетім қалады.  

Ата-анадан айырылған Сағадат ерте есейеді. Өмірдегі тірегі жалғыз ағасы Сағит болады. Өкінішке қарай, бауыры соғысқа аттанып, Ресейдің Новгорд қаласы маңында ол да қаза табады. 

Сағадат Нұрмағанбетов ІІ-Дүниежүзілік соғысқа 1942 жылдың шілдесінде аттанады. Сол жылы алдымен Түркіменстандағы пулеметшілер училещесінде оқиды. Одан соң взвод командирі ретінде қан майданға араласады. 

Ол 1-Белорус майданында, Солтүстік Кавказ, Украина, Молдава, Польша, Германия майдандарында соғысқан. Пулемет взводын, ротаны, 5-екпінді армияның атқыштар батальонын басқарды. Гитлер канцеляриясын шабуылдауға қатысты.

1945 жылы 17 қаңтарда Нұрмағамбетов Польша жерiнде жау қорғанысын бұзу кезiнде жауынгерлiк тапсырманы асқан ерлікпен орындайды. Магнушев плацдармында болған шайқаста ол басқаратын пулемет ротасы 2 күн ішінде 120 фашист пен 12 пулемет орналасқан дотты жояды. Варшава маңындағы Магнушев қаласын жаудан азат ету кезінде Нұрмағамбетов білікті басшылығымен көзге түседі. 

Жан алысып, жан беріскен шайқастардың бірінде Сағадаттың қолындағы пулеметтің нысана көздеуіші істен шығады. Соған қарамастан, батыр екі мәрте фашистердің шабуылын тойтарып, 60-тан астам немістің көзін жояды.  
Соның арқасында Сағадат Нұрмағамбетовтың ротасы Польшаның Пилица өзенінен өтеді. Онда рота 35 жау әскерін өлтіріп, жаудың 6 дотын құртады. Нәтижесінде Нұрмағанбетов басқаратын рота Совет әскерінің алға жылжуына мүмкіндік жасайды.

Осы ұрысты бақылаған маршал Жуков қазақ баласының ерлігіне тәнті болып, Нұрмағанбетовке Совет Одағының батыры атағын беруді ұсынады. Сөйтіп, 1945 жылы 27 ақпанында Сағадат Нұрмағанбетов батыр атағын алады. 
1945 жылдың 8 мамырында Сағадат Қожахметұлының батальоны рейхсканцелярияға шабуыл жасайды. Ол қақтығыста да ерлік көрсетіп, жүздеген фашистің көзін құртып, мың жарымнан астам жауды тұтқынға алады. Осы жаужүректігі үшін тағы да Совет Одағының батыры атағына ұсынылады. Бірақ екінші рет атақ берілмейді.

Армия генралы 1946 – 1949 жылдары Мәскеудегi Фрунзе атындағы Әскери академияда оқиды. Одан соң түрлі жоғары қызметтер атқарады.
1992 жылы 7 мамырда Сағадат Нұрмағанбетов тәуелсіз Қазақстан

Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі болады. 

«Халық қаһарманы» Сағадат Нұрмағанбетов Қазақстанның қорғаныс саласын нығайтуға бар күш-жігерін жұмсайды. 

Сағадат Нұрмағамбетов 2013 жылдың 24 қыркүйегінде 90 жасқа қараған шағында өмірден озды. 
Фото: gov.kz