Malim.kz
Спорт

Өзбекстандық шахматшы әлем чемпионын жеңіп, тарихи кездесуде алға шықты

• Мадияр Қапанбек
Жавохир Синдаров. Фото: FIDE / Y.E. Nisenbaum

Өзбекстандық шахматшы Жавохир Синдаров әлем чемпионы атағы үшін өтіп жатқан матчта үндістандық Гукеш Доммараджуды жеңді. Осы нәтижеден кейін ол жалпы есепте алға шықты, деп хабарлайды Malim.kz.

Шахматтан әлем чемпиондығы үшін тартыс Швейцарияның Женева қаласында өтіп жатыр. Қазіргі әлем чемпионы Гукеш Доммараджу мен өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаров шахмат тәжіне таласуда. Алғашқы төрт партия тең нәтижемен аяқталған еді. Алайда 29 қарашада өткен бесінші кездесуде Синдаров қарсыласын жеңіп, матчтағы алғашқы шешуші нәтижеге қол жеткізді.

47-жүрісте жеңіске жетті

Бесінші партияда Жавохир Синдаров ақ фигуралармен ойнады. Тартысты кездесу барысында үндістандық шахматшы шешуші қателік жіберіп, қарсыласына басымдықты өз қолына алуға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде өзбекстандық гроссмейстер 47-жүрісте жеңіске жетті. Осылайша, бес партиядан кейінгі жалпы есеп 3:2 болып, Синдаров алға шықты. Бұл – әлем чемпиондығы үшін өтіп жатқан матчтағы алғашқы жеңісті партия.

Әлем чемпионы атағы кімге бұйырады?

Женевадағы кездесу ең көбі 14 классикалық партиядан тұрады. Әлем чемпионы атану үшін шахматшылардың бірі 7,5 ұпай жинауы керек.

Жарыстың жалпы жүлде қоры 2,5 миллион АҚШ долларын құрайды. Алтыншы партия 30 қараша, дүйсенбі күні Қазақстан уақытымен сағат 19:00-де басталады деп жоспарланған.

Синдаров әлем чемпионын тақтан тайдыра ала ма?

Жавохир Синдаров бұл матчқа әлемдік рейтингте төртінші орында тұрған шахматшы ретінде келген. Оның рейтингтік көрсеткіші – 2782 ұпай.

Ал қазіргі чемпион Гукеш Доммараджу 2710 ұпаймен 26-орында болған. Айта кетейік, үндістандық шахматшы 2024 жылы қытайлық Дин Лижэньді жеңіп, әлем чемпионы атанған еді. Енді ол алғаш рет чемпиондық атағын қорғап жатыр.

Тағы да оқыңыз: "Назгүл өлім аузынан аман қалды": Азамат Сатыбалды әйелінің ел естімеген құпиясын айтты.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары