Malim.kz
Қоғам

"Перзенттік парызымды өтей алдым ба?.." – Нұрлан Өнербаев анасын жоқтап, елді жылатты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
Malim.kz коллажы

Белгілі әнші Нұрлан Өнербаев жақында өмірден өткен анасын еске алып, әлеуметтік желіде әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесі ата-анасының суреттерін бөлісіп, ауыр сәтте көңіл айтып, қолдау білдірген көпшілікке алғыс айтты. Оның сөзінше, осындай кезде “қайғы бөліссе азаяды” деген сөздің мәнін терең түсінесің.

"Қайғы бөліссе азаяды" деген сөздің мәнін осындай сәтте терең түсінеді екенсің. Көңіл айтып, жұбату сөздерін жолдаған ағайын-туыс, дос-жаран мен әлеуметтік желідегі оқырмандардың шынайы тілектері жанға жеңілдік сыйлайды. Баршаңызға ақ ниетпен қолдау білдіргендеріңіз үшін алғысымды айтамын", – деп жазды әнші.

Нұрлан Өнербаев қазіргі технологияның арқасында жақын адамдардың бейнесі мен естеліктерін сақтап қалуға мүмкіндік бар екенін айтып, анасы мен әкесінің жарқын жүзін оқырмандарымен бөлісуді жөн көргенін жеткізді.

Сондай-ақ әнші анасына деген сағынышын айтып, перзенттік парызын толық өтей алды ма деген ойдың мазалайтынын жасырмады.

"Түн ұйқыңды бөліп, ақ бесігімнің қасында отырып әлдилеген анашым, перзенттік парызымды өтей алдым ба, білмеймін. Енді бар дұғаммен, жүрегімдегі сарқылмас сағынышыммен ғана алдыңдағы борышымды өтеуге тырысамын. Жалғандағы жарығым, аналық ақ тілегіңмен тірек болған қорғаным едің. Енді кімге сенім артып, кімнен қорған тілермін?.." – деп тебіренді Нұрлан Өнербаев.

Желі қолданушылары жазба астына көңіл айтып, әншінің отбасына сабыр тіледі. Көпшілік марқұмның иманды болуын тілеп, өнер иесіне қолдау білдірді.

Еске сала кетейік, Нұрлан Өнербаев анасының дүниеден озғанын айтып, жүрек тебірентерлік жазба жариялаған еді.

Сондай-ақ "Анашым шалқып күлсе, алдымда ұзақ жүрсе…" деп басталатын елге кеңінен танылған ән енді Нұрлан Өнербаевтың репертуарынан алынып тасталғаны туралы жазған едік.

Нұрлан Өнербаев кім?

Нұрлан Әлтайұлы Өнербаев – қазақ эстрадасының белгілі әншісі, актер, диктор, мемлекет және қоғам қайраткері. Ол 1961 жылы 4 қарашада қазіргі Түркістан облысы Төле би ауданына қарасты Қазақстан ауылында дүниеге келген.

Өнерге жастайынан қызыққан Нұрлан Өнербаев 1978-1980 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры жанындағы актерлер студиясында білім алды. Кейін 2000 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің заң факультетін заңгер-құқықтанушы мамандығы бойынша тәмамдады.

Еңбек жолын театрдан бастаған ол 1980-1991 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында актер болып қызмет етті. Осы кезеңде түрлі қойылымдарға қатысып, сахналық тәжірибе жинады. Кейін шығармашылық бағыты ән өнерімен ұштасып, қоңыр дауысы арқылы көпшіліктің сүйікті орындаушысына айналды.

Нұрлан Өнербаевтың үлкен сахнадағы әншілік жолы 1980 жылдардың ортасынан басталды. Оның репертуарында "Анашым", "Сағыныш", "Әке арманы", "Қазақ қызы", "Сұлулық", "Ауылым", "Туған күн", "Сағындым ауылды", "Жан аға" секілді халық арасында кең тараған әндер бар.

Әсіресе анаға, туған жерге, сағынышқа және адамдық сезімге арналған лирикалық туындылары тыңдарман жүрегінен орын алды. Сонымен қатар ол халық әндерін де орындап, дәстүрлі ән мен эстрадалық бағытты ұштастырған өнерпаздардың бірі ретінде танылды.

Әнші шығармашылық сапарлармен Түркия, Италия, Франция, Жапония, Чехия, Словакия, Марокко, Қытай, Германия және Моңғолия сияқты елдерде өнер көрсетті.

Нұрлан Өнербаев әншілікпен қатар радио, телевидение және мәдениет саласында да жауапты қызметтер атқарды. 1990-1998 жылдары Қазақ радиосында еңбек етті. Кейін "Хабар" агенттігінде аудармашы және дубляж бөлімінің жетекшісі болды. 1998-2002 жылдары Қазақстан Президенттік оркестрінің әншісі қызметін атқарды.

Одан бөлек, Қазақстан ұлттық телеарнасында басшылық қызметте болып, Алматы қаласының мәдениет басқармасын басқарды.

2008-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төртінші шақырылым депутаты болды. Осылайша ол өнермен қатар қоғамдық-саяси өмірге де белсенді араласты.

Нұрлан Өнербаевтың өнер мен қоғамға қосқан еңбегі бірнеше мәрте жоғары бағаланды. 1995 жылы "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанып, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі болды. Ал 2008 жылы оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағы берілді.

Бүгінде Нұрлан Өнербаев қазақ сахнасында өзіндік орны бар, қоңыр үнімен, мәдениетті болмысымен және лирикалық әндерімен ел есінде қалған өнер иелерінің бірі саналады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары