"Анашым шалқып күлсе, алдымда ұзақ жүрсе…" деп басталатын елге кеңінен танылған ән енді Нұрлан Өнербаевтың репертуарынан алынатын болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы әнші телеарналардың біріне берген сұхбатында айтып, мұндай шешімге композитор Марат Омаровтың өтініші себеп болғанын жеткізді. Халық сүйіп тыңдайтын туындыны Нұрлан Өнербаев 37 жыл бойы орындап келген.
Алайда әннің авторы Марат Омаров соңғы уақытта өз есімінің аталмай жүргеніне реніш білдірді.
"Көпшілік бұл әнді Нұрланның жеке әні деп ойлайды. Караокеде де солай жазылған. Тіпті әннің сөзін жазған Қайрат Жұмағалиевтің қызы да "әкемнің аты аталмайды" деп ренжіді. Мен Нұрланның дауысын сыйлаймын, бірақ авторды атау орындаушыны кішірейтпейді. Мен оған "егер концерттерде автордың атын атамайтын болсаң, онда бұл әнді орындамағаның жөн" дедім. Халық “Анашым” әнін Нұрланның өзінікі деп қабылдап жүр", – деді композитор Bugin Live бағдарламасында.